«Өлімін жұмыспен байланыстырмаңыздар»: Мәдениет бөлімінің басшысы елдің ашуына тиді

Фото: видеодан скрин

Жезқазған Мәдениет бөлімі басшысының қаза тапқан жұмысшы туралы пікірі жұрттың жағасын ұстатты. Желідегілер оны жаппай сынап жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Осыған дейін қала әкімдігінің алдында Наурыз мейрамына арналған сахнаны әрлеп жүріп биіктен құлап, көз жұмған 55 жастағы Жанис-Лаурис Вильчинкас туралы жазған едік.

«Бұл трагедияға қатысты Жезқазған қаласы мәдениет бөлімінің басшысы Гүлзада Шомаеваның не дегенін білесіздер ме? Цитата: «Ол құлаған сәтте тіл тартпай кеткен жоқ. Біраз уақыт бойына ауруханада жатты, сондықтан оның өлімін жұмысымен байланыстырудың керегі жоқ. Біз оны жұмысқа тартқан жоқпыз. Ол жерде не істеп жүргенін де білмеймін» деген, деп жазды журналист Асхат Ниязов өзінің Instagram парақшасында.

Оның жазбасына пікір қалдырған жұртшылық қала мәдениетіне жауап беретін басшыны жерден алып жерге салды.

«Шенеуніктерге қарапайым адамның өмірінің құны көк тиын», «Масқара, аузын ашпай-ақ қойғаны дұрыс еді», «Гүлзадада адамгершілік қасиет жоқ екен», «Бұлар қорқуды қойған, жазаланбайтынын біледі, заң жоқ» деп жазып жатыр олар.