МАҢЫЗДЫ

«Өлі жандар» арқылы 686 млн теңге жымқырған: Іле ауданының білім бөлімінің басшысы 8 жылға сотталды

Іле аудандық білім бөлімінің басшысы Ләззат Каткеева мен бөлімнің жеті есепшісі бюджет қаржысын жымқырғаны үшін түрлі мерзімге сотталды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Антикорға сілтеп.

Тергеу мәліметінше, айыпталушылар 686 млн теңге көлемінде қаражатты "өлі жандардың" атына аударып отырған. Мысалы, Каткеева жүргізушісін колледжге кәсіби бағдар беруші ретінде тіркеп, оған 4,9 млн теңге жалақы аударған.

Ляззат Каткеева 2024 жылдың ақпанында ұсталған. Тергеу барысында оның күйеуі Бас прокуратура мен Әкімшілік полицияға шағым жолдап, тергеушінің әрекетін заңсыз деп таныған. Каткееваның өзі де тергеу изоляторынан Бас прокурордың атына хат жазған.

Сот Каткееваны сегіз жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салды. Ал есепшілер жеті жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге сотталып, он жыл бойы мемлекеттік органдарда еңбек ете алмайды.

Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Барлық жаңалық