«Ол бухгалтердің жұмысы»: Дәулет Мұқаев «Дәулеттен» қорының есеп-қисабына араласпайтынын айтты (ВИДЕО)

Фото: baq.kz архив

Дәулет Мұқаев «Дәулеттен» қайырымдылық қорына қатысты сұрақтарға жауап берді, — деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Депутат — «Дәулеттен» қайырымдылық қорының қамқоршылық кеңес мүшесі. Кулуарда журналистер депутатқа қайырымдылық қорлары қаншалық тексерілу керегіне қатысты сұрақ қойды.

«Мен бұл мәселені бұрыннан бері айтып жүрмін. Ол — өте дұрыс шешім. Кейінгі жағдайларға байланысты бақылау болу керек. «Адамның аласы ішінде, малдың аласы сыртында» немесе «жылтырағанның барлығы алтын емес» дейді ғой. Міндетті түрде тексерілуі керек. Қор ашылған кезде оның жарғылары Әділет министрлігінен өтеді, бірақ әрі қарай қаражат айналымы тексеріле бермейді. Сондықтан Ақпарат және мәдениет министрлігімен бірігіп, Заң жобасын дайындаймыз. Халықтың ақшасы, барлығы ашық болу керек. Қайда, қанша кетіп жатқаны көрінуі керек. Әрине, мына қорларда қазіргі нормалар бойынша есеп беруі керек, бірақ бере бермейді», — деді ол.

Депутат өз қоры туралы сөз қозғады.

«Өзіміздің қорға келсек, атауы — «Дәулеттен». Мен — бұл жерде қамқоршлылық кеңес мүшесімін. Балаларға да «адал қызмет атқарыңдар, істеңдер» деп айтып отырамын. «Менен қорықпасаңдар да, Құдайдан қорқыңдар» деп те айтып отырамын. Олар барынша есебін істеп, біздің сайтқа жүктеп отырады», -деді депутат.

Дәулет Мұқаев «Қор мүшесі ретінде есеп-қисаптарын бақылап отырасыз ба?» деген сұарққа жауап берді.

«Мен есеп-қисаптарына араласпаймын, ол бухгалтердің жұмысы деп санаймын. Кейде қай отбасыға үй алып береміз деген кезде шешім қабылдауға үлесімді қосамын», — деп жауап берді Мұқаев.

Депутат Дәулет Мұқаев биыл жыл аяғына дейін Дәулеттен қорына қанша қаражат түскенін айтты.

«Осы уақытқа дейін қорға қанша қаражат түскені сайтта тұр. 4 жылда 1 миллиардтан аса қаржы түсті. Оның есебі бар. Қордың қазіргі президентінен нақты ақпарат алсаңыздар болады», — деді ол.

Оның айтуынша, қор білім және баспана бағытында көмек көрсетеді.

«Ауырып жатқан адамдарға 1 реттік 500 мың теңгеге көмек қарастырылған. Бірақ негізінен білімге бағытталдық. Мәселен, 3 отбасының балаларына ағылшын сынды курстарына көмек көрсеттік.Бұл пилоттық жоба болды. Үш баланың екеуі БИЛ-ға, біреуі НЗМ-ға түсті. Білімін жинаған бала ата-анасын асырайды», — деп қорытындылады ол.