Мұғалімдерге діни экстремизммен күресу міндеті артылады. Бұл туралы құжат жобасы таяуда Ашық НҚА порталына қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
«Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 Бұйрығына мынадай толықтырулар енгізілсін:
«орта білім беру ұйымдарында діни экстремизмнің алдын алуды жүзеге асырады;
білім алушылар, тәрбиеленушілер, педагогтар және басқа да қызметкерлерге рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіреді», — делінген құжатта.
Салыстырмалы кестеге сүйенсек, енді мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары мектептерде діни экстремизмнің алдын алу бойынша жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар оқушылар, тәрбиеленушілер, педагогтар мен басқа да қызметкерлерге рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіреді. Оқушылар мен тәрбиеленушілерге рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру міндеті барлық мамандықтың пән мұғалімдеріне де жүктеледі.
Бұйрық мәтінінің астына бірнеше қарсы пікір жазып, жан айқайларын жеткізген, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Мұғалімдерді жайына қалдырыңыздар! Ұстаздар білім берумен айналысу керек! Мұғалімдердің мойынан өзге міндеттерді арта беруді доғарыңыздар», «Неге мұғалімге қосымша жұмыс жүктей бересіздер? Мұғалім өз пәні бойынша сабағын беруге, сіздер бекітіп берген мың есептерді тапсыруға уақыт таппай жүр. Ішкі саясат, дін мамандары не істейді сонда? Әркім өз жұмысын жасауы керек қой», «Діни экстремизм» деген не? Қарапайым мұғалім бұл білімді оқушыларға қалай сіңіреді? Бізде сондай дайындықтан өткен мұғалімдер бар ма? Мүмкін әркім өз ісімен айналысуы керек шығар?!», «Қарсымын! Мұғалім «орта білім беру ұйымдарында діни экстремизмнің алдын алуды жүзеге асыратын» дінтанушы, теолог емес! Мұғалімнің мектеп басшылығы сияқты, бұл қызметті жүзеге асыруға біліктілігі, өкілеттігі жоқ» деген пікірлер жазылған.
ПІКІР ЖАЗУ