Қазақстанда зейнетақы жүйесіне қатысты тағы бір жаңалық. Енді ерікті зейнетақы жинағын (ЕЗЖ) алу үшін өтініш берудің қажеті жоқ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, зейнеткерлік жасқа жеткен, бірақ ерікті зейнетақы жарналары бойынша жинақтарын алмаған азаматтарға төлем автоматты түрде түседі. Яғни, зейнетке шықтыңыз ба – жинағыңыз автоматты түрде шотыңызға түседі, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл жаңа ереже зейнеткерлерге қосымша бюрократиясыз өз жинақтарын алуға мүмкіндік береді. Енді «құжат жинау» немесе «өтініш тапсыру» туралы уайымдамасаңыз да болады. Бәрі автоматтандырылған.
«Зейнеткерлік жасқа жеткен, бірақ ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптасқан жинақтарын алу үшін жүгінбеген азаматтар үшін БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін автоматты (өтінішсіз) тәртіппен жүзеге асыру жоспарланып отыр», деп жазылған агенттік хабарламасында.
2025 жылғы 1 сәуірдегі мәліметтерге сәйкес, отандастарымыздың зейнетақы жинақтары 22,75 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде ерікті зейнетақы жарналарының көлемі 8,19 млрд теңгені құрайды. Жинақтардың жалпы сомасы бір жылда 3,86 трлн теңгеге немесе 20,5%-ға артқан.
Тағы бір жаңалық – зейнетақы қорындағы қаражатты баланың еміне жұмсауға мүмкіндік бар. Бұл сирек кездесетін ауруларды емдеуден бастап көздің көруін түзетуге дейінгі медициналық қызметтерді қамтиды. Осылайша, зейнетақы жинақтары тек қартайған шақта емес, отбасына көмек ретінде де пайдаланылуы мүмкін.