2023 жылғы 9-12 шілде аралығында ҚР Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының Өскемен қаласындағы Оқу орталығы базасында Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің әскери қызметшілері арасынан күрең берет киу құқығына ие үміткерлерді таңдау сынақтары өтті, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.
Биыл сынақтарға 80-нен астам әскери қызметші қатысты. Емтиханға рұқсат алу үшін олар теориялық тестілеуден өтіп, дене шынықтыру, биіктіктегі дайындық, арнайы құрылғылармен төмен түсу, байланыс дайындығы, медициналық дайындық бойынша және т. б. емтихан тапсырды.
Күрең беретке үміткерлердің қорытынды сынақтарының бірінде ауа температурасы 40 градустан жоғары болды. Соған қарамастан олар таулы аймақта 30 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.
«Қатты ыстыққа қарамастан үміткерлер “зигзаг” және “пластун” тәрізді қозғалу нормативтерін тапсырды. Окоп қазу бойынша сынға түсті. «Жараланған» жолдасын 100 метрге сүйреп апарды. Содан кейін газға қарсы маска киген қалпында ауасы ластанған 400 метрді жерді еңсерді. Содан кейін бастапқы жүгіру мәнерін қайта жалғастырды. Мұның бәрі белгіленген уақытта және белгіленген нормативтерге сай жүргізілді», — деді “Бүркіт» арнайы жасағының жауынгері.
Сынақ кезінде әр үміткер физикалық және психологиялық күйзелістерге тап болды. Олар кезіккен қиындықтарды жеңіп, мәреге жету үшін командалық төзім, ерік-жігер мен ұйымшылдықты көрсетті.
Сынақтың соңғы кезеңінде үміткерлер 3 метрлік бетон қабырғаларын еңсеріп, созылған тікенек сымның астында пластун тәрізді қозғалыспен 200 метрлік кедергілер жолағынан жылжып өтті.
Айта кету керек, үміткерлердің күйзеліске төзімділігін нығайту үшін кедергілер жолағының жанында жарылыстар ұйымдастырылып, оқ атылып тұрды. Мұндай әдіс жауынгерлік атмосфера тудырады және үміткерлердің күйзеліс жағдайларындағы реакциясын тексереді.
Кедергілерден кейін бірден үміткерлер жекпе-жек ұрысқа кірісті. Алдымен олар бір-бірімен, содан кейін күрең берет иелерімен шайқасты. Ауыр соққыларға төтеп берген және 3 минуттық 3 раундқа шыдап берген үміткер ғана күрең берет ала алады.
«Бұл сынақтан өту мен үшін ұмытылмас тәжірибе болды. Шеруден және кедергілерден өткеннен кейін мен жеңіске ұмтылған қарсыластармен бетпе-бет келдім. Жекпе-жек күрең беретке жету жолындағы соңғы сынақ болды. Мен шаршау мен ауырсынуға қарамастан күресуге тырыстым. Күрең берет иелерімен шайқасқа түсу оңай болған жоқ. Дегенмен бойдағы адреналин сезімі мені алға жетелеп отырды. Нәтижесінде барлық үш раундқа да төтеп бере алдым», — деді «Ричи» лақабатымен жүрген әскери қызметші.
Кейінірек, салтанатты жағдайда, барлық сынақтардан сәтті өткен және соңғы кезеңнің қиындықтарына төтеп берген 19 үміткерге қастерлі күрең берет табысталды.
«Сіздер бүгін физикалық және моральдық жағынан күрделі сынақтардан өттіңіздер. Сіздердің адалдықтарыңыз бен кәсібиліктеріңіз жас ұрпақ үшін және барлық тәртіп сақшыларына үлгі. Бұл сіздердің командирлеріңіздің, нұсқаушыларыңыздың және сіз әскери қызмет өткеріп жатқан ұжымның қолдауы мен дайындығының арқасында қол жеткізген жетістіктеріңіз болып саналады. Жоғары шеберлік пен бірлескен қызмет кез келген сын — тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге төтеп беруге, Отанымызды қорғауға дайын элиталық бөлімшелерді құруға ықпал етеді», — деді ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжанов.
«Мемлекет басшысының Ұлттық ұланды сандық және сапалық тұрғыда нығайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында және Ішкі істер министрінің нұсқауы бойынша Ұлттық ұланда 2022 жылы арнайы мақсаттағы бөлімшелердің саны ұлғайтылды. Әскерлерде біліктілік сынақтары жыл сайын еліміздің әртүрлі климаттық аймақтарында өткізіледі. Айта кету керек, бүкіл сынақ маршрутынан мықты дайындықпен келген үміткерлер ғана өте алды. Мысалы, бүгін сынақтардың барлық кезеңдерінен 19 әскери қызметші сүрінбей өтті. Мен Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының атынан және өз атымнан жаңа арнайы жасақ нышанының иегерлерін күрең береттілер бауырластығына кіруімен, ал арнайы жасақ ардагерлерін кезекті толықтырумен құттықтаймын», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары-Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов арнайы жасақтарды құттықтау сәтінде.
Биыл «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелерін дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін күрең берет Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Марат Ахмеджановқа да табыс етілді.
Айта кету керек, «Бүркіт» арнайы бөлімшесінің жауынгерлерінің емтиханы мен дайындық деңгейі Өзбекстан Республикасынан келген әріптестер тарапынан да жоғары бағаға ие болды. Олар Ұлттық ұлан қолбасшылығына қазақстандық арнайы жасақтың өміріндегі маңызды тарихи сәттердің біріне куә болуға мүмкіндік бергені үшін ризашылықтарын білдірді.
Жыл сайын әскери қызметшілердің жауынгерлік және арнайы даярлық деңгейін арттыру, олардың арнаулы білім мен дағдыларды алуы және игеруі үшін бөлімшенің жауынгерлері үшін құрметті деп саналатын күрең берет тағу құқығына біліктілік сынақтары жүргізіледі. Бұл іс-шаралар жылдың әр мезгілінде, сондай-ақ жер бедерінің әртүрлі аймақтарында өткізіледі. Сынақтардың негізгі талаптары арнайы мақсаттағы бөлімшелер қызметкерлерінің жауынгерлік дайындығы мен қойылған міндеттерді орындау үшін қажетті арнайы білім мен әдістерді пысықтау болып саналады.
ПІКІР ЖАЗУ