Жаһандық нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан еліміздің экономикасы қарқынды дамып келеді. Жарты жылдың ішінде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,1 пайызға артты. Бұл жай ғана макроэкономикалық құрғақ сан емес. Отандық және шетелдік сарапшылар бұл жетістіктің шикізатқа емес тікелей өңдеу саласына тиесілі екенін ерекше бағалап отыр. Жақында Ақорда төрінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы Олжас Бектеновке нақты тапсырмалар жүктеген еді. Енді сол экономикалық саясаттың құрылымдық әрі жүйелі экожүйелік сипат алғаны айқын көріне бастады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Дәл осы бағыт "Әділетті Қазақстанды" құрудың негізгі шарты саналады. Мемлекет қазір бизнес өкілдеріне, аймақтар мен қарапайым азаматтарға ұзақмерзімді әрі әділ мүмкіндіктер жасауда. Қазақстанның халықтық дипломатия орталығының вице-президенті, саяси сарапшы Виталий Колточник осы пікірге баса назар аударады. Оның сөзін нақты сандар дәлелдей түседі. Мәселен өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға жоғарылаған. Көлік саласы 7,1 пайыздық өсімді көрсетті. Ал құрылыс қарқыны 15,2 пайызға бір-ақ секірген. Жеке инвестициялар ағыны 21,4 пайызға молайды. Мұның бәрі ел экономикасының шикізат тәуелділігінен арылып өндіріске, инфрақұрылым мен технологияға көшкенін білдіреді.
Біздегі бұл оң өзгерістер шетелдік мамандардың да қызығушылығын оятты. Өзбекстандық сарапшы Ранохон Турсунова Қазақстанның экономиканы әртараптандыру мен инвесторлар тартудағы тәжірибесі күллі Орталық Азия елдеріне айқын бағдар екеніне сенімді. Жаһандық дағдарыс тұсында біздің ішкі өнімнің әлемдік орташа деңгейден асып түсуі экономиканың мызғымас беріктігін көрсетеді. Яғни Үкімет Мемлекет басшысы қойған міндеттерді мүлтіксіз орындап жатыр. Негізгі капиталға құйылатын қаржының артуы кәсіпкерлердің ел саясатына деген зор сенімінен хабар береді. Қолайлы әрі болжауға болатын инвестициялық орта жаңа жұмыс орындары мен өндіріс ошақтарының ашылуына тікелей себепші.
Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі ауыл шаруашылығында да керемет нәтиже берді. Аграрлық саладағы 1 триллион теңгелік бюджет қаражаты өзіне 6,5 теңге көлемінде жеке инвестиция тартып отыр. Бұған қоса инфляцияны тежеу шаралары сәтті жүзеге асуда. Әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру жұмыстары халықты жұмыспен қамтуға және шын мұқтаж жандарға атаулы көмек көрсетуге бағытталған. Саясаттанушы халықты қолдауға арналған бұл қадамдарды өте жоғары бағалады.
Отандық экономист Бекнұр Кисиков ішкі өнімнің артуын басым секторларды қолдаумен тығыз байланыстырады. Экономикалық серпілістің негізгі іргетасы ірі инфрақұрылымдық жобаларға тиесілі. Қазір республика бойынша жаңа жолдар, зауыттар мен қоймалар және өзге де нысандар көптеп салынуда. Мемлекет инвестицияларды еліміздің барлық аймағын дамытуға жұмсап жатыр. Қуатты өңірлік экономика тұтас мемлекеттің макроэкономикасын нығайтады. Сондықтан жалпы ішкі өнімнің бұлай артуы әбден заңды құбылыс.
Барлық экономистер ортақ бір түйінге келді. Сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібіндегі табыстар үлкен кешенді жұмыстың жемісі саналады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ, ал оның тиімділігі қазірдің өзінде айқын байқалып отыр.