Қазір ел байлығы жер астындағы қазбамен емес, білімді адамдарымен өлшенеді. Кеше ғана мұнай мен шикізат үшін таласқан мемлекеттер бүгін ақылды адамдар үшін бәсекеге түсуде. Жасанды интеллект, цифрлық технология, жаңа өндіріс пен инновация дәуірінде экономиканың қуатын тек табиғи ресурс емес, кәсіби кадрлардың сапасы айқындайды. Осы мәселе «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде кеңінен талқыланды, деп жазады Ozgeris.info.
Басқосуға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, ғалымдар мен сарапшылар жиналды. Атап айтқанда, Халықаралық көші-қон ұйымы, Астана халықаралық қаржы орталығы, Президент жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өкілдері қатысты.
Іс-шара Мемлекет басшысының көші-қон саясатын жетілдіру, жоғары білікті мамандарды, шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлерді тартуға қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмаларын түсіндіру аясында өтті. Қатысушылар Қазақстанға халықаралық таланттарды тартудың жаңа жолдарын, адами капиталды күшейту тетіктерін және көші-қон қызметтерін толық цифрландыру мәселесін талқылады.
Шетелдік кадр – шешім бе?
Көпшіліктің көкейінде бір сұрақ тууы мүмкін. Сырттан маман тартатындай елімізде білікті мамандар аз ба? Неге шет елдерден кадр шақыртуымыз қажет?
Сарапшылардың айтуынша, мәселе кадр жетіспеушілігінде ғана емес. Әңгіме жаңа технология, халықаралық тәжірибе және кәсіби мектеп қалыптастыруда жатыр. Мысалы, шетелден келген жоғары деңгейлі IT маманы немесе инженер жергілікті мамандармен бірге жұмыс істеп, тәжірибе бөліседі. Осы арқылы жаңа буын қалыптасады. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтанушы-зерттеушісі Байғабыл Нұрланның айтуынша, Қазақстанға шақырылатын кәсіби мамандар бірнеше бағыт бойынша іріктеледі.
«Бірінші кезекте олардың жергілікті мамандарға білім мен тәжірибе үйретуі маңызды. Яғни кәсіби дағдыларды бөлісу, тәжірибе алмасу арқылы отандық кадрлардың біліктілігін арттыру басты назарда. Әсіресе цифрлық технологиялар, IT, кәсіпкерлік және экономика бағытындағы мамандарға сұраныс жоғары», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, соңғы уақытта психологиялық стресс-менеджмент саласына да қызығушылық артып келеді. Бұл қазіргі еңбек нарығында эмоционалдық қысымның көбеюімен байланысты. Дөңгелек үстелде ерекше талқыланған мәселенің бірі – «Алтын виза» енгізу бастамасы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың деректеуінше, жаңа саясат көші-қон рәсімдерін жеңілдетуге, адами капитал тартуға және барлық қызметті цифрлық жүйеге көшіруге бағытталған.
«Құжатта QazETA бірыңғай цифрлық платформасын «e-Residency» модулімен енгізу, «e-Residency e-Invest» бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ жоғары білікті мамандар, инвесторлар мен кәсіпкерлерге арналған арнайы «Алтын визаны» енгізу қарастырылған», деді ол.
Қарапайым тілмен айтқанда, «Алтын виза» – ел экономикасына қажет мамандар мен инвесторларға Қазақстанда ұзақ уақыт тұруға, жұмыс істеуге, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасайтын мүмкіндік. Мұндай тәжірибе бүгінде әлемнің көптеген елінде бар. Яғни, Қазақстан енді «ақылды адамдарды тарту» кезеңіне көшіп жатыр деуге болады.
Талант үшін талас
Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы бағдарламалық офицері Әлия Белоносова әлемдегі үрдіске тоқталды. Оның айтуынша, Халықаралық көші-қон ұйымының 2026 жылғы есебіне сәйкес, 2024 жылдың ортасында әлемде 304 миллионнан астам халықаралық мигрант тіркелген. Бұл – әлем халқының 3,7 пайызы.
«Бүгінде мемлекеттер арасында жоғары білікті мамандар үшін бәсеке күшейіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның таланттарды, жоғары білікті кадрлар мен инвестицияны тартуға бағытталған бастамалары жаһандық үрдістерге толық сәйкес келеді», деді ол.
Сарапшының сөзінше, мемлекетке қандай маман қажет екенін еңбек нарығы айқындауы тиіс. Яғни нақты сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдік сақталуы керек.
«Егер елдегі көші-қон саясаты түсінікті әрі ашық болса, бұл халықаралық деңгейдегі білікті мамандарды тартуға ықпал етеді. Сонымен қатар мигранттардың құқықтарын қорғау және олардың жергілікті ортаға бейімделуі де маңызды», деді Ә.Белоносова.
Бұл қарапайым халыққа қалай әсер етеді?
Әрине, қоғамда «шетелдік мамандар келсе, жергілікті азаматтардың жұмысын тартып алмай ма?» деген алаңдаушылық тууы мүмкін. Алайда сарапшылар бұл бастаманың мақсаты отандық кадрларды алмастыру емес екенін айтады. Керісінше, жаңа тәжірибе әкелу, білім бөлісу және жергілікті мамандардың кәсіби деңгейін көтеру көзделген.
Мәселен, цифрлық технологиялар саласында тәжірибелі халықаралық мамандар келсе, бұл қазақстандық жастардың жаңа білім игеруіне мүмкіндік ашады. Кәсіпкерлік бағыттағы сарапшылар жаңа бизнес модельдерді енгізіп, экономиканың сапалы дамуына ықпал етуі ықтимал.
Президент жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының өкілі Анна Альшанская да бүгінгі таңда мемлекеттердің адами капиталды экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналдырғанын айтты.
«Еліміз таланттарды тартудың өңірлік орталығына айнала алады. Бұл ұзақ мерзімді экономикалық даму үшін маңызды», деді сарапшы.
Ендігі маңызды қадам – сырттан келетін білім мен тәжірибенің ел ішінде нақты нәтижеге айналуы.