Қоғам

Журналист Ботагөз Омарова жалған ақпарат таратқанын мойындады

Журналист Ботагөз Омарова жалған ақпарат таратқанын мойындады

Журналист «ВД Строй-Инжиниринг» компаниясы мен оның директоры Азамат Үсімбековке қатысты бұған дейін таратылған мәліметтерге байланысты ресми мәлімдеме жасап, жарияланған ақпараттардың шындыққа сәйкес келмейтінін айтты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Мәлімдемеде 2026 жылдың 20 ақпаны мен 7 наурызы аралығында жарияланған материалдарда нақты тексерілмеген деректер қолданылғаны көрсетілген.

Аталған жарияланымдарда «ВД Строй-Инжиниринг» компаниясы Астанадағы ат спорты кешенінің құрылысына қатысқан «Ремстрой-1» жұмысшыларына төлем жасамады деген ақпарат тараған. Алайда кейін журналист бұл мәліметтердің жалған болғанын мойындады.

Оның айтуынша, компания өкілдері қарыздың жоқ екенін дәлелдейтін құжаттарды көрсеткен. Соған қарамастан жарияланымдар жалғаса берген.

«Мен шынайылық, объективтілік және бейтараптық қағидаларын сақтамадым. Сондай-ақ “Масс-медиа туралы” заңда көрсетілген журналистиканың негізгі талаптарына немқұрайлы қарадым», – делінген мәлімдемеде.

Журналист мұндай әрекетке аудиторияның назарын аудару және әлеуметтік желідегі қызығушылықты арттыру ниеті себеп болғанын атап өтті.

Сондай-ақ мәлімдемеде жарияланған материалдардың компания мен оның құрылтайшыларының беделіне нұқсан келтіргені айтылып, ресми кешірім сұралған. Бұдан бөлек, оқырмандарды жаңылыстырғаны үшін аудитория алдында да өкініш білдірілді.

Журналист жалған ақпарат таратуға қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабын бұзғанын түсінетінін айтып, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді.

Мәлімдеме соңында ол әріптестерін ақпаратты мұқият тексеруге және кәсіби журналистика стандарттарын сақтауға шақырды.

Барлық жаңалық