Жаңалықтар

Түрксіб ауданында болған ірі өрт: бір адам қаза тапты

Түрксіб ауданында болған ірі өрт: бір адам қаза тапты

12 маусым күні түн ортасында Алматы қаласының Түрксіб ауданында өрт шықты. Оқиға орнына бара жатқанда өрт сөндіру техникасының бірі аударылып қалды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Арнайы техника дереу қалпына келтіріліп, жарамды екені анықталды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

 

Өртті сөндіруге 15 техника мен 50-ден астам өрт сөндіруші жұмылдырылды. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, бірнеше бағытта өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді.

 

Мәліметтерге сәйкес, өрт Международная көшесіндегі бірнеше меншік иесіне тиесілі барак типтес тұрғын үйден басталып, көршілес төрт үйге, жуынатын бөлме мен шаруашылық құрылысына тараған. Жалын жалпы 500 шаршы метрден астам аумақты қамтыды.

 

- Өртті сөндіру барысында газ баллоны жарылған, алайда қауіпсіздік техникасы сақталып, жеке құрам арасында зардап шеккендер болмады. Қабылданған жедел шаралар нәтижесінде өрт сағат 00:55-те ауыздықталды. Өртті сөндіру кезінде бір адамның мәйіті табылды. Қазіргі уақытта толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, - делінген ресми хабарламада.

 

Барлық жаңалық