🌐 Әлем

Трамп Америка тарихындағы ең ірі салық заңына қол қойды

АҚШ-тың президенті Дональд Трамп өзі «үлкен әрі керемет» деп сипаттаған жаңа салық заң жобасын мақұлдады, деп жазады Ozgeris.info.

Құжат көлемі 900 бетке жуықтайды, ал қаржылық салмағы бұдан да ауқымды.  Нақтырақ айтар болсақ, мемлекет қарызының шегі тағы 4 триллион долларға артады. Америка тарихындағы ең ірі бюджеттік шешім ел қауіпсіздігін күшейтіп, экономиканы жандандыруға арналған.

Жаңа заң бойынша федералдық салықтар төмендейді, ал Пентагон мен ұлттық қауіпсіздік саласына миллиардтаған қаржы құйылады. Атап айтқанда, 350 миллиард доллар Мексикамен арадағы шекараны күшейту, көші-қон қызметкерлерін жалдау және қауіпсіздік инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалмақ. Десе де, бұл заң барлық саланы қамтып отырған жоқ, денсаулық сақтау саласындағы бірқатар әлеуметтік бағдарламаларға, әсіресе Medicaid-ке бөлінетін қаржы қысқартылатын болды.

Заң жобасына қарсы пікір білдіргендер де аз емес. Олардың бірі – танымал кәсіпкер Илон Маск. Ол бұл шешімді «борыш қақпаны» деп атап, қарапайым америкалықтар болашақта осы қарыздың салдарын тартатынын ескертті.

Ақ үй қол қою рәсімінің видеосын әлеуметтік желі арқылы таратып үлгерді. Ал қоғамдық пікір екіге жарылды: бірі ел қорғанысын күшейту мен салық қысымын жеңілдетуді құптаса, екіншісі әлеуметтік сектордағы қысымды сынға алып отыр.

Барлық жаңалық