Білім

Адал азамат: Бүкіл ұрпақтың болашағын бір бағдарлама өзгерте алады ма

Адал азамат: Бүкіл ұрпақтың болашағын бір бағдарлама өзгерте алады ма

Еліміздің мектептерінде жаңа оқу жылы ел тарихында болмаған жаңалықпен басталады. Алғаш рет білім ордаларында бірыңғай «Адал азамат» тәрбиелік бағдарламасы қосылмақ. Мемлекет басшысы дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Тамыз педагогикалық конференциясында бұл жобаның мақсатын, ұстаздардың рөлін және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі басты басымдықтарды атап өтті. Жаңа бағдарлама оқушыларға білім берумен шектелмей, олардың бойына ұлттық құндылықтар мен азаматтық жауапкершілікті сіңіруді көздейді. Президент сондай-ақ педагог мәртебесін көтеру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасанды интеллектті ерте жастан үйрету секілді мәселелерге де тоқталды. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады. 

Елімізде  «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» ұранымен өтіп жатқан дәстүрлі тамыз педагогикалық конференциясы өтті. Жиынға қатысқан Мемлекет басшысы өз сөзінде мұғалімдердің қоғамды жаңғыртуда, жаңа буынды тәрбиелеуде және ұлттық реформаларды ілгерілетуде шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Атап айтқанда, саяси жүйе жаңартылды, жаңа экономикалық курс айқындалды, мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты орнықты.

«Билікте енді әулеттік-туыстық жүйе жоқ. Лауазымға тағайындауда ең алдымен білім мен кәсіби біліктілік ескеріледі. Бүгінде елімізде еркін ойлайтын, азат рухты ұрпақ өсіп келеді. Заң мен Тәртіпке құрмет – бұлжымас қағидаға айналуда. Қысқасы, Қазақстан сапалық тұрғыдан жаңа даму кезеңіне өтті. Дегенмен өзгерістерді жариялау жеткіліксіз, оларды берік орнықтыру да маңызды. Бұл мақсатқа жету үшін қоғамдық сананы жаңғырту қажет. Ал бұл істе үлкен жауапкершілік сіздерге, құрметті ұстаздар, жүктеледі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзіндегі негізгі тұстар

         •        Білім беру стандарттары, әдістемелері мен оқулықтардағы кез келген өзгеріс мұқият сараптамадан өтуі тиіс. Білім саласында қателесуге болмайды, өйткені оның салдары өте ауыр болуы мүмкін.

         •        Барлық балалар үшін, олардың қай өңірде тұратынына қарамастан, тең мүмкіндік болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының басты мақсаты.

Биылғы оқу жылынан бастап барлық жалпы білім беретін мекемелерде, соның ішінде жекеменшік мектептерде де бірыңғай «Адал азамат» тәрбиелік бағдарламасы іске қосылады. Аталған жобаны педагогтарды даярлайтын жоғары оқу орындарына да енгізу ұсынылды. Президенттің пікірінше, еліміздің білім беру саласында бірыңғай тәрбиелік жұмыс жүйесі болуы керек. Өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды сіңіру маңызды. Балалар патриот, креативті, жасампаз, білімді, еңбекқор, қамқор әрі үнемшіл болып өсуі тиіс.

«Тәрбиелік жұмыста «Заң мен Тәртіп» қағидатын ажырамас бөлікке айналдыру қажет. Аталмыш ұғымды түсінікті тілмен және заманауи педагогикалық әдістер арқылы жас ұрпаққа жеткізу. Бұл іске тек тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасарлары, сынып жетекшілері мен мектеп психологтары ғана емес, бүкіл педагогикалық қауымдастық атсалысуы керек, өйткені бұл жалпыұлттық міндет», - деді Президент.

Балаларды әлеуметтік кеселдерден сақтау үшін олардың сыни ойлау қабілетін қалыптастыру қажеттілігі де айтылды. Жасырын емес, жасөспірімдер көп уақытын интернет пен әлеуметтік желілерде өткізеді, онда олар жалған идеялар мен зиянды мінез-құлық үлгілерінің ықпалына оңай түсуі мүмкін. Сондықтан әр педагог балаларды эмоциясын бақылауға, рационалды әрекет етуге және кез келген жағдайды әр қырынан бағалай білуге үйретуі тиіс.

Мектепте буллингке, қатыгездікке және агрессияға жол берілмеуі керек. Соңғы екі жылда елімізде өскелең ұрпақтың құқығын қорғауға бағытталған бірқатар шара қабылданды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандарға қатысты барлық зорлық-зомбылық түрлері үшін жаза күшейтілді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты нығайтылды. Балалар арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде, бұл бүгінгі күннің өткір мәселелерінің бірі. Барлық мектептерде «111» психологиялық қолдау қызметінің QR-коды орналастырылды. Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде балалар мен жасөспірімдер ұжымында қудалаудың алдын алуға арналған «ДосболLIKE» антибуллинг бағдарламасы енгізіледі.

Білім беру мекемелерін қажетті интерактивті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Барлық оқушылар оқу контенті бар цифрлық платформаларға, соның ішінде электрондық оқулықтарға қол жеткізе алуы тиіс. Барлық материалдар мұқият сараптамадан өтуі қажет.

Тағы бір маңызды міндет: балаларды ерте жастан жасанды интеллект технологияларына үйрету. Осы дағдылар олардың заманауи әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің кепілі болмақ. Дәл осы талап педагогтарға да қойылады, яғни, мұғалім өз пәнін жақсы білуімен қатар, жаңа технологияларды да педагогикалық тәжірибесінде тиімді қолдана білуі керек.

Педагогтардың құқықтарын қорғау мәселесі әрдайым ерекше назарда болуы тиіс. Президенттің айтуынша, мұғалімдер өздерінің негізгі қызметіне қатысы жоқ жұмыстардан босатылуы керек. Алайда кейде жергілікті билік заң талаптарын өрескел бұзып жатады. Мұндай әрекеттердің алдын алу үшін прокуратура шара қолдануы тиіс. Сондай-ақ балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай үшін бірден мұғалімді жазалау дұрыс емес. Егер оқиға мектептен тыс жерде немесе ата-ананың жауапсыздығынан болса, педагог ол үшін жауап бермеуі керек.

Мұғалімдердің құқықтарын қорғау мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізу ұсынылды. Мемлекеттің міндеті педагогтың қоғамдағы беделі мен мәртебесін барынша арттыру.

Барлық жаңалық