Маусым айының қорытындысы бойынша теңге АҚШ долларына қатысты 1,3 пайызға нығайып, 479,98 теңге деңгейінде қалыптасты. Ұлттық Банктің мәліметінше, бұл кезеңде валюта нарығында интервенциялар жүргізілмеген. Алайда жарияланған деректерге тереңірек үңілсек, теңге бағамына ықпал еткен негізгі факторлардың бірі мемлекеттің өзі болғанын байқауға болады, - деп жазады Оzgeris.info тілшісі.
Бір қарағанда теңгенің нығаюы ұлттық валюта тұрақтылығының белгісі сияқты көрінеді. Бірақ осы кезеңде Ұлттық қордан 200 млн доллар сатылды, квазимемлекеттік сектор 423 млн доллар көлемінде валюталық түсімін ішкі нарыққа шығарды, ал Ұлттық Банк «айналым» механизмі арқылы Ұлттық қордан тағы 460 млн доллар сатып алып, оны кейін кезең-кезеңімен сатуға дайындалып отыр. Бұл операциялардың барлығы валюта ұсынысын көбейтіп, теңгеге қысымды азайтатын факторлар саналады.
Осы тұста негізгі мәселе туындайды: теңгенің бағамы шын мәнінде нарықтағы сұраныс пен ұсыныс арқылы қалыптасып жатыр ма, әлде мемлекеттік институттардың тұрақты қатысуы оның табиғи қозғалысын тежеп отыр ма?
Тағы бір назар аударатын жайт – Қазақстан қор биржасындағы орташа күндік сауда көлемінің 392 млн доллардан 369 млн долларға дейін төмендеуі. Бұл валюта нарығындағы белсенділіктің бәсеңдегенін көрсетеді. Мұндай жағдайда салыстырмалы түрде ірі көлемдегі мемлекеттік валюталық операциялардың нарыққа әсері бұрынғыдан да күштірек болуы мүмкін.
Сонымен қатар, Ұлттық Банк шілде айында да Ұлттық қордан 200–300 млн доллар сатылатынын алдын ала жариялады. Ал үшінші тоқсанда бұл көлем шамамен 1,1 трлн теңгеге балама шетел валютасына жетеді деп жоспарланып отыр. Бұл мемлекет алдағы айларда да валюта нарығындағы негізгі ойыншылардың бірі болып қала беретінін аңғартады.
Экономистер үшін маңызды сұрақтардың бірі – мұндай саясаттың ұзақ мерзімді тиімділігі. Егер теңге бағамы негізінен мемлекеттік валюталық сатылымдардың арқасында тұрақталып отырса, онда Ұлттық қор қаражаты қысқарған немесе сыртқы нарықтағы жағдай нашарлаған кезде бағамға қысым күшеюі мүмкін. Бұл ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етудің қазіргі моделіне тәуелділікті арттырады.
Екінші мәселе – Ұлттық қордың негізгі миссиясы. Қор болашақ ұрпақтың жинағы әрі экономиканы сыртқы күйзелістерден қорғауға арналған резерв ретінде қарастырылады. Сондықтан оны валюта нарығын тұрақтандыру құралы ретінде тұрақты пайдалану ұзақ мерзімді перспективада тиімді ме деген пікірталас өзекті болып отыр.
Ұлттық Банк барлық операциялардың нарықтық бейтараптық қағидаты бойынша жүргізілетінін мәлімдейді. Дегенмен, нарыққа жүздеген миллион доллар көлеміндегі валютаның тұрақты шығуы бағамға әсер етпейді деу қиын. Сондықтан теңгенің бүгінгі нығаюын тек экономиканың ішкі беріктігінің көрсеткіші ретінде бағалау толық объективті болмас еді.
Қорытындылай келе айтпағымыз мынау, маусым айындағы теңгенің нығаюы оң көрсеткіш болғанымен, оның артында мемлекеттік валюталық операциялардың айтарлықтай үлесі тұрғаны байқалады. Сондықтан алдағы кезеңде негізгі назар теңгенің мемлекеттік қолдаусыз қаншалықты тұрақты бола алатынына, экспорттық түсімдердің өсуіне, инвестициялық белсенділікке және экономиканың нақты секторындағы өзгерістерге аударылуы тиіс. Ұлттық валютаның ұзақ мерзімді беріктігі тек валюта сатумен емес, экономиканың құрылымдық тұрақтылығымен айқындалады.