Келіссөздер нәтижесінде жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын ондаған келісімге қол қойылды. Оның ішінде «Самұрық-Қазына» қоры қытайлық компаниялармен 4,29 миллиард долларлық 19 келісім жасады. Бұл жобалар энергетика, көлік, телекоммуникация, өнеркәсіп және цифрлық технологияларды қамтиды.
Жасанды интеллект – ынтымақтастықтың жаңа бағыты
Биылғы келіссөздердің басты ерекшелігі – жасанды интеллект (AI) мәселесінің алғаш рет негізгі тақырыптардың біріне айналуы. Қазақстан мен Қытай AI технологияларын енгізу, деректерді өңдеу орталықтарын (Data Center) дамыту, цифрлық инфрақұрылымды күшейту және мамандар даярлау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайда өтетін World Artificial Intelligence Conference (WAIC) халықаралық форумына қатысуы жоспарланып отыр.
Бұл кездейсоқ таңдау емес. Қытай бүгінде әлемдегі жасанды интеллект саласының көшбасшыларының бірі. Huawei, Alibaba, Baidu және DeepSeek сияқты компаниялар AI технологияларын мемлекеттік басқару, өндіріс, білім беру және денсаулық сақтау салаларына кеңінен енгізіп келеді. Қазақстан осы тәжірибені пайдаланып, цифрлық экономиканы дамытуға және мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға ниетті.
Логистика мен өндіріске жаңа серпін
Келіссөздер барысында көлік-логистика саласы да басты назарда болды. Қазақстан Қытай мен Еуропаны жалғайтын маңызды транзиттік мемлекет болғандықтан, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және логистикалық орталықтарды құру мәселелері қаралды. Сонымен қатар өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, бірлескен өндірістер ашу және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жобаларға ерекше мән берілді.
Белгілі экономист Айбар Олжайдың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс тек инвестицияда емес.
«Қазақстанның Қытай үшін маңызы инвестициямен ғана өлшенбейді. Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жүк тасымалының 85 пайыздан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді»,-дейді ол.
Сарапшының пікірінше, еліміздің қазіргі географиялық орналасуын табысқа айналдыруға болады.
«Мұның барлығы Қазақстанның географиялық орналасуын табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік береді. Бұрын Қазақстан әлем картасында теңізге тікелей шыға алмайтын құрлықтық мемлекет ретінде қарастырылса, бүгінде дәл сол география Қытай, Еуропа, Ресей, Кавказ және Таяу Шығыс арасындағы көлік дәліздерінің торабында орналасқан артықшылыққа айналып отыр»,-дейді Айбар Олжай.
Келісімдерден нәтиже күтіледі
Жалпы Қазақстан-Қытай байланысына қатысты сөз айтқан сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас енді тек шикізат саудасымен шектелмейді. Басымдық технология, инновация және жоғары қосылған құнды өндірістерге ауысып келеді. Бұл – Қазақстан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Айбар Олжайдың бағалауынша, еліміздің экономикалық әлеуеті күшті.
«Қазақстанның қолында Орталық Азияның басты экономикалық орталығы болып қалуға жеткілікті бастапқы капитал бар. Ол капитал табиғи ресурс қана емес. Ол – экономиканың көлемі, қалыптасқан қаржы жүйесі, халықаралық инвесторлармен жұмыс тәжірибесі, өндірістік база, Қытай мен Еуропаның арасындағы география және салыстырмалы түрде күрделі экономикалық құрылым»,-деді ол.
Дегенмен экономист мұның өзі жеткіліксіз екенін айтады. Оның сөзінше, бұрынғы инвестициялармен шексіз мақтана беру жеткіліксіз.
«Капитал өткен жетістіктерге емес, болашақтағы табыс пен тұрақтылыққа қарайды. Сондықтан Қазақстан үшін ендігі негізгі міндет – құқықтық болжамдылықты күшейту, инвесторлардың мүлкін қорғау, бюрократиялық кедергілерді азайту және экономикалық саясаттың бірізділігін сақтау»,-дейді А. Олжай.
Жалпы мұндағы басты мәселе – қол қойылған келісімдердің толық әрі уақытылы орындалуы. Бұған дейін жарияланған кейбір ірі жобалардың жүзеге асуы созылып кеткені белгілі. Сондықтан бұл жолғы келіссөздердің табысы қол қойылған құжаттардың санымен емес, нақты іске қосылатын өндірістермен, жаңа технологиялардың келуімен және халыққа пайда әкелетін нәтижелерімен бағаланатын болады.