Қазақстанда 2025 жылдың тамыз айындағы ресми дерек бойынша жылдық инфляция деңгейі 12,2%-ды құрады. Бұл көрсеткішті Ұлттық статистика бюросы жариялады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Алайда қарапайым қазақстандықтар дүкендер мен базарларда бағаның әлдеқайда қатты өскенін байқап жүр. Әсіресе азық-түлік, күнделікті тұрмыста қолданылатын тауарлар мен кейбір қызмет түрлері едәуір қымбаттаған. Сондықтан көпшіліктің санасында «ресми дерек шындыққа жанаспайды» деген ой туындауы заңды.
Экономист, тәуелсіз сарапшы Андрей Чеботарев бұл жайға түсініктеме беріп, өз Telegram-арнасында былай деп жазды:
– Инфляция туралы айтқанда адамдар көбіне шатасады. Өйткені әркім өзінің жеке шығындарына сүйеніп баға береді. Ал статистика органдары мүлде басқа тәсіл қолданады. Мұндай жағдай тек Қазақстанда емес, барлық елде бар, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, инфляция бірнеше бағытқа бөлінеді:
- азық-түлік тауарлары (39%),
- азық-түлікке жатпайтын тауарлар (30%),
- ақылы қызметтер (31%).
Осы санаттардың барлығы ескеріліп, ел бойынша 500-ден астам тауар мен қызмет бағасы өлшенеді. Бұл деректер барлық облыс орталықтарында және кейбір аудандарда жиналады.
– Сіз өз инфляцияңызды есептегенде әдетте бір қаладағы 2–3 дүкен мен базар бағасына ғана қарайсыз. Ал ресми статистика – бүкіл ел бойынша жиналған орташа көрсеткіш. Сол себепті айырмашылық болуы қалыпты, – дейді Чеботарев.
Ол «жеке инфляция» ұғымына да тоқталды. Әр отбасының өзіндік шығын құрылымы бар. Мысалы, біреудің шығыны негізінен азық-түлікке жұмсалса, екіншісінде техникаға немесе қызметке көбірек кетеді. Осыған байланысты адамдардың жеке инфляциясы ресми деңгейден жоғары немесе төмен болуы мүмкін.
– Әсіресе қала тұрғындарының жеке инфляциясы жиі жоғары болады. Себебі олардың тұтыну себетінде шетелдік тауарлар көп. Бұл ресми көрсеткішті жоққа шығармайды, тек әркімнің шығыны әртүрлі екенін білдіреді, – дейді сарапшы.
Яғни ресми статистика – ел бойынша «орташа температураны» көрсететін құрал. Ал әр отбасының жеке есептеуі – қаржыны жоспарлауда маңызды көрсеткіш.