Бірнеше жыл бұрын +40 градустан асқан ауа райы жұртты таңғалдырса, бүгінде мұндай температура жаздың қалыпты көрінісіне айналып барады. Қазақстанның оңтүстігі ғана емес, солтүстік өңірлері де аптап ыстықтың құрсауында қалып, орман мен дала өрттері жиілеп, су тапшылығы күшейіп келеді. Бұл жай ғана ыстық жаз емес. Ғалымдар мұны жаһандық климаттың өзгеруінің нақты салдары деп бағалайды.
Бүгінде әлемнің көптеген елдері бұрын-соңды болмаған температуралық рекордтарды жаңартып жатыр. Қазақстан да осы өзгерістердің алдыңғы шебінде тұрған мемлекеттердің бірі.
Қазақстан неге тез ысиды?
Көпшілік арасында «Қазақстан мұхиттардан алыс болғандықтан тез қызады» деген пікір жиі айтылады. Бұл – ғылыми тұрғыдан дұрыс тұжырым. Қазақстан – дүниежүзіндегі ең ірі теңізге тікелей шығатын жолы жоқ мемлекеттердің бірі. Ел аумағы түгелге жуық Еуразия құрлығының ортасында орналасқан. Сондықтан климатқа мұхиттардың салқындатушы әсері жетпейді. Мұхиттар күннің жылуын баяу сіңіріп, оны ұзақ сақтайды. Соның арқасында жағалауда орналасқан елдерде жаз салыстырмалы түрде жұмсақ өтеді. Ал құрлықтағы топырақ пен шөлейт аймақтар бірнеше есе жылдам қызады.
Қазақстанның климатының өте континенттік болуының басты себебі де осы. Сондықтан елімізде жазда +40-45 градусқа дейін ыстық болса, қыста -40 градусқа дейін аяз болуы мүмкін. Мұндай температура айырмашылығы негізінен Еуропаның мемлекеттерінде кездеспейді.
Аптап ыстық енді кездейсоқ құбылыс емес
БҰҰ жанындағы Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобы (IPCC) соңғы баяндамасында әлемде ыстық толқындарының жиілігі, ұзақтығы және қарқындылығы айтарлықтай артқанын мәлімдеді. Бұған атмосферадағы парниктік газдардың көбеюі себеп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, 2000–2019 жылдары жыл сайын шамамен 489 мың адам аптап ыстыққа байланысты көз жұмған. Оның 45 пайызы Азияда, 36 пайызы Еуропада тіркелген. Ал Еуропадағы 2003 жылғы тарихи ыстық шамамен 70 мың адамның өмірін қиған. 2022 жылы ғана Еуропада ыстықпен байланысты 61 мыңнан астам артық өлім тіркелді.
Еуропадағы жағдай – климат өзгерісінің айқын көрінісі
Аптап ыстықтың салдары бүгінде тек Африка немесе Таяу Шығыста емес, Еуропаның өзінде анық байқалып отыр. Осы жылдың маусым айының аяғында бірқатар еуропалық мемлекеттерде өткен жылдардың осы кезеңімен салыстырғанда ыстықтың әсерінен шамамен 10 мыңнан астам адам шығыны тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге егер аптап ыстықты жай ғана ауа райы құбылыс ретінде қарастырмай, денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай ретінде бағалап, тиісті шараларда қолданса, өлімдердің басым бөлігінің алдын алуға болатынын айтты.
EuroMOMO мониторингтік бағдарламасының бағалауынша, аптап ыстықтан қайтыс болғандардың басым бөлігі – 65 жастан асқан егде жастағы адамдар. Себебі жоғары температура жүрек және тыныс алу жүйесі ауруларын асқындырып жібереді.
Соңғы жылдары Францияда бірнеше рет ұлттық деңгейде қызыл қауіп жарияланды. Елдің ондаған департаментінде мектептер жабылып, пойыз қозғалысы шектелді, ауруханаларда ыстықтан зардап шеккендердің саны күрт өсті.
Биыл Париж маңындағы атақты Фонтенбло орманында бұрын-соңды болмаған ірі орман өрті тіркелді. Жалын жүздеген гектар аумақты шарпып, мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Франция билігі биылдың өзінде орман өрттері өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп аумақты қамтығанын мәлімдеді. Сарапшылар мұндай жағдайлардың жиілеуін рекордтық ыстық пен ұзаққа созылған құрғақшылықпен байланыстырады.
Қазақстандағы ең үлкен қауіп: дала мен орман өрттері
«Қазгидромет» РМК елімізде бұрын-соңды болмаған аптап ыстық болады деп жиі дабыл қағуда. Қазақстан үшін аптап ыстықтың ең ауыр салдарының бірі – табиғи өрттердің көбеюі. Температура көтерілген сайын өсімдіктердегі ылғал азайып, құрғақ шөп отқа оңай оранады. Кейде бір ғана темекі тұқылы немесе электр желісінен шыққан ұшқын мыңдаған гектар жердің жануына себеп болуы мүмкін.
Соңғы жылдары Абай облысындағы орман өрті, Қостанай облысындағы ірі табиғи өрт және басқа өңірлердегі төтенше жағдайлар елге үлкен сабақ болды. Мұндай апаттар тек табиғатты ғана емес, экономикаға да орасан шығын әкеледі.
Өрт салдарынан орман қоры азайып, ауыл шаруашылығы айтарлықтай зардап шегеді. Жабайы жануарлар мекені жойылып кетуі ықтимал. Ауа сапасы күрт нашарлап, атмосфераға миллиондаған тонна көмірқышқыл газы бөлінеді. Ғалымдар мұны қауіпті шеңбер деп атайды: климат жылынады – өрт көбейеді, ал өрттер атмосфераға қосымша парниктік газ бөліп, жаһандық жылынуды одан әрі күшейтеді.
Ыстық экономикаға қалай әсер етеді?
Аптап ыстықтың зардабы денсаулықпен ғана шектелмейді. Қазақстан үшін негізгі қауіптер: егін өнімділігінің төмендеуі, жайылымдардың қурауы, су тапшылығының күшеюі, электр энергиясын тұтынудың артуы, еңбек өнімділігінің төмендеуі бар.
Әсіресе құрылысшылар, жол жөндеушілер, ауыл шаруашылығы жұмысшылары мен құтқарушылар сияқты ашық аспан астында еңбек ететін мамандар жоғары қауіп аймағында. ДДСҰ мәліметінше, жоғары температура адамның еңбекке қабілеттілігін төмендетіп, өндірістегі жазатайым оқиғалардың қаупін арттырады.
Қалалар неге бұрынғыдан ыстық?
Соңғы жылдары Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда түннің өзі салқындамайтын болды. Бұл – «қалалық жылу аралы» құбылысы. Асфальт, бетон және ғимараттар күндіз жиналған жылуды түнде қайта бөледі. Соның салдарынан қаладағы температура маңайындағы ауылдық жерлерге қарағанда бірнеше градусқа жоғары болуы мүмкін. Егер жасыл желек азайып, көлеңке жеткіліксіз болса, бұл айырмашылық одан сайын күшейеді.
Аптап ыстық кезінде не істеу керек?
Дәрігерлер мен халықаралық ұйымдар мынадай қарапайым, бірақ тиімді кеңестер береді.
* Аптап ыстық шөлдегенді күтпей, жиі су ішу;
* күннің ең ыстық уақыты – 11:00–17:00 аралығында сыртта ұзақ жүрмеу;
* ашық түсті, табиғи матадан тігілген киім кию;
* міндетті түрде бас киім пайдалану;
* ауыр дене жұмысын таңертең немесе кешке жоспарлау;
* балаларды, қарттарды және үй жануарларын жабық көлікте қалдырмау;
* бөлмені кешке және таңертең желдетіп, күндіз күн сәулесін пердемен жабу.
Апат айтып келмейді
Қазақстандағы аптап ыстық енді бір маусымның ерекшелігі емес. Бұл – климаттың өзгеруімен қатар жүріп жатқан ұзақ мерзімді үрдіс. Елдің мұхиттардан шалғай орналасуы жоғары температураның әсерін күшейтсе, жаһандық жылыну оның жиілігі мен ұзақтығын арттырып отыр.
Франциядағы рекордтық ыстық, Еуропадағы орман өрттері, Қазақстандағы дала өрттері мен су тапшылығы – бәрі бір-бірімен байланысты құбылыстар. Ғалымдардың ескертуі анық: егер климатқа бейімделу шаралары күшейтілмесе, аптап ыстық XXI ғасырдағы ең үлкен табиғи және әлеуметтік сын-қатерлердің біріне айналады. Сондықтан мәселе тек ауа райында емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігінде, денсаулық сақтау жүйесінде, экологиясында және экономикалық тұрақтылығында жатқандығын ескерген абзал.