Қоғам

Қазақмыс 2026 жылы 31,6 млн тонна кен өндіруді жоспарлап отыр

Қазақмыс 2026 жылы 31,6 млн тонна кен өндіруді жоспарлап отыр

Жезқазғанда «Қазақмыс» корпорациясының 2026 жылға арналған даму жоспары талқыланды. Жұмыс жиынына компанияның Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, корпорация басшылығы және кәсіпорындардың еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты хабарлады ozgeris.info сайты.

Кездесу барысында корпорацияның алдағы жылға арналған негізгі даму бағыттары айқындалып, әрбір стратегиялық бағыт бойынша Басқарма төрағасының орынбасарлары баяндама жасады.

Жиында компания үшін маңызды бағыттардың бірі – өндірістік қауіпсіздік мәдениетін дамыту мәселесі болды. Қызметкерлерге өмір мен денсаулыққа қауіп төнген жағдайда, еңбек қауіпсіздігі талаптары сақталмаған кезде немесе қауіпсіз еңбек жағдайы қамтамасыз етілмеген жағдайда жұмысты тоқтатуға құқық берілетіні ескертілді.

2026 жылға арналған өндірістік қауіпсіздікті дамыту аясында бірқатар шаралар жоспарланған. Олардың қатарында қауіпсіздікке инвестиция көлемін арттыру, арнайы киімнің бірыңғай стандартын енгізу, оқыту бағдарламаларын жетілдіру, коммуникациялық және ынталандыру тетіктерін дамыту, медициналық тексерулерді автоматтандыру және рәсімдерді стандарттау бар.

Сонымен қатар минералдық-шикізаттық базаны дамыту және геологиялық барлау жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. 2025 жылы Micromine компаниясы бес кеніште геологиялық-маркшейдерлік жұмыстарға аудит жүргізген. Нәтижесінде Micromine Advance оқыту бағдарламасын енгізу, литологиялық және гидрологиялық модельдер әзірлеу, Geobank жүйесімен жұмыс істеуді үйрету және цифрлық құралдарды дамыту жөнінде шешім қабылданды.

Жиында өндірістік техниканы әр 3–5 жыл сайын жоспарлы түрде жаңарту, техника паркін біріздендіру, жабдықтарды жеткізу мен сервистік қызмет көрсету бойынша стратегиялық серіктестерді анықтау мәселелері де қаралды.

Сондай-ақ геологиялық және маркшейдерлік бөлімшелер үшін ескі ғимараттардың орнына жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешен салу ұсынысы талқыланды.

Жезқазғанда орналасқан Орталық Азиядағы алғашқы Геологиялық кластердің жұмысына да ерекше назар аударылды. Жалпы аумағы 14 мың шаршы метрден асатын кешен 200 жұмыс орнына арналған. Оның құрамында оқу орталығы, кітапхана, жатақхана, ALS аналитикалық зертханасы, Colorado School of Mines университетімен бірлесіп ашылған геофизикалық зертхана, мұражай, кеңсе ғимараты, жөндеу-механикалық цех және керн сақтау қоймасы бар.

2026 жылға арналған өндірістік жоспарға сәйкес, корпорация 31,6 млн тонна кен өндіруді және шамамен 33 млн тонна кенді өңдеп, мыс концентратын шығаруды жоспарлап отыр.

Алдағы кезеңде Жезқазған, Қарағанды және Балқаш өңірлеріндегі кеніштерде, сондай-ақ Шатыркөл–Жайсаң кластерінде бірқатар даму жобалары іске асырылады. Бұл жобалар өндіру көлемін тұрақтандыруға, геомеханикалық тұрақтылықты арттыруға және кен орындарын пайдалану мерзімін 2032–2052 жылдарға дейін ұзартуға бағытталған.

Экология мәселесі де корпорацияның басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасы аясында Жезқазған мыс балқыту зауытында 34, ал Балқаш мыс балқыту зауытында 28 экологиялық шара жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жұмыстар зиянды шығарындыларды ең үздік қолжетімді технологиялар талаптарына сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

Негізгі жобалардың қатарында Жезқазған және Балқаш мыс балқыту зауыттарында екі күкірт қышқылы цехын салу жоспары бар. Бұл нысандар ЕҮҚТ нормативіне қол жеткізудегі маңызды қадам болмақ. Аталған кешендер зиянды шығарындылардың мөлшерін едәуір қысқартуға, заманауи экологиялық технологияны енгізуге және өндірістік қуатты арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ БМЗ-ны жаңғырту мәселесі талқыланды. Жаңа зауыттың құрылысы катодты мыс өндірісін жылына 300 мың тоннаға дейін арттыруға және Қазақстан Республикасындағы барлық қолжетімді концентратты өңдеуге мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында жұмыскерлерге әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі сөз болды. 2026 жылы әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға шамамен 11,9 млрд теңге бөлу көзделген.

Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі кәсіпорын өндірістік үдерістердің тұрақтылығын және еңбек ұжымы алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етіп отырғанын тілге тиек етіп, әрбір қызметкердің әл-ауқатын арттыруға басымдық беріліп,  жоспарлы жұмыс жалғаса беретінін тағы бір мәрте атап өтті.

Барлық жаңалық