Жалпы, несие алу әдетке айналды. Ресми деректерге сүйенсек, ел азаматтарының 50,7 пайызы кемінде бір рет қарыз рәсімдеген. Әсіресе 22-29 және 50-62 жас аралығындағы тұрғындар банктер мен микроқаржы ұйымдарына жиі жүгінеді. Бұл үрдіс қоғамда қарызға деген тәуелділік қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Несие енді тек төтенше жағдайдағы құрал емес, күнделікті қаржылық мінез-құлықтың бір бөлігіне айналған, деп жазады Ozgeris.info.
Мұндай жағдайда мемлекет араласуға мәжбүр болды. Соңғы жылдары қарыз жүктемесін азайту бағытында бірқатар нақты қадам жасалды. Алдымен әлеуметтік осал топтардың берешегі өтелді. Кейін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданып, азаматтарға қарыздан заңды түрде құтылу мүмкіндігі берілді. Сонымен қатар «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылып, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға басымдық берілді. Бұл шаралардың барлығы қарыз мәдениетін өзгертуге бағытталғанымен, мәселенің тамыры тереңде екені байқалады.
Несие беру тәртібі де біртіндеп қатаңдатылды. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап тұтынушылық кепілсіз қарыздарға «шешім қабылдау кезеңі» енгізілді. Яғни, азамат несие алар алдында бірден келісімшартқа қол қоймай, белгілі бір уақыт ойланып көруге мүмкіндік алады. 150-ден 255 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сома үшін 8 сағат, ал одан жоғары сомалар үшін 24 сағат уақыт беріледі. Егер осы кезеңде азамат өз шешімінен бас тартса, келісімшарт күшіне енбейді. Бұл – эмоциямен қабылданатын шешімдердің алдын алу тетігі.
Биылдан бастап талаптар одан әрі күшейді. Енді қарызын уақытында өтей алмаған азаматтарға жаңа несие берілмейді. Тіпті төлемді қысқа мерзімге кешіктірудің өзі банктердің бас тартуына негіз бола алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, мұндай шектеулер шамадан тыс қарыз алуды азайтып, азаматтарды жауапты қаржылық шешім қабылдауға итермелеуі тиіс.

Шынында да, ресми статистика белгілі бір нәтижені көрсетеді. 2024 жылы тұтынушылық несиенің өсу қарқыны 21,9 пайызды құраса, кейінгі кезеңде бұл көрсеткіш 8,7 пайызға дейін төмендеген. Нарықтағы қарқын баяулаған. Алайда бұл тек сыртқы көрініс. Ішкі үрдістер бұдан әлдеқайда күрделі. Себебі банктер тарапынан талаптар күшейген сайын, нарықта басқа құбылыстар белең ала бастады. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2024-2025 жылдары заңсыз микроқаржылық қызмет бойынша 19 қылмыстық іс тіркелген. Ал биылғы жылдың екі айында ғана 6 дерек анықталған. Заңсыз несиелердің жалпы көлемі 220 миллиард теңгеден асып кеткен. Fingramota.kz сарапшылары мұндай жағдайдың себебін ашық түсіндіреді. Олардың айтуынша, «сұр» кредиторлар халықтың қаржылық қысымын тиімді пайдаланады:
«Сұр кредиторлар бастапқыда төмен пайыздық мөлшерлеме ұсынып, азаматтардың сеніміне кіреді. Адамға ең алдымен жылдамдық пен қолжетімділік маңызды болғандықтан, ол шарттарға терең үңілмейді. Ал кейін түрлі комиссиялар, айыппұлдар мен жасырын төлемдер арқылы қарыз көлемі бірнеше есе ұлғайып кетеді. Мұндай келісімшарттар көбіне заң талаптарына сай келмейді. Сондықтан қарыз алушы өз құқығын сотта қорғай алмайды. Ең қауіптісі – мұндай жағдайда мемлекет те араша түсе алмайды», дейді мамандар.
Бұл жерде мәселе тек пайызда емес, қауіпсіздікте де жатыр. Заңсыз несие берушілер көбіне кепілге пәтер немесе автокөлік талап етеді. Қарызды өтеу сәл кешіксе, олар мүлікті өздеріне алып қалуға тырысады. Қаржыгерлердің айтуынша, кей жағдайда мұндай ұйымдар қысым көрсету, қорқыту сияқты заңсыз әдістерге дейін барады.
Осындай күрделі жағдайда несиелік мінез-құлықтың қалай өзгеріп жатқанын экономист Руслан Сұлтанов кеңінен талдайды. Оның айтуынша, соңғы жылдары қарыз алушылардың жасы төмендеп, мәселе жаңа деңгейге көтерілген:
«Жақында ғана жалақыға дейінгі қарыз көбіне отыздан асқан адамдарға тән еді. Олар тұрақты табысы бар, өз бетінше өмір сүретін азаматтар болатын. Қарызды уақытша құрал ретінде қолданатын. Бірақ қазір жағдай өзгеріп жатыр. Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, мұндай несиені пайдаланатын клиенттердің орташа жасы 2022 жылы 36 жас болса, 2024 жылы 33 жасқа дейін төмендеген. Бұл – қарыз мәдениетіне жастардың ерте араласа бастағанын білдіреді. Олар әлі толық қалыптаспаған, жинағы аз, тәжірибесі жеткіліксіз. Соның салдарынан қарыз алу олар үшін уақытша шешім емес, қалыпты әрекетке айналып барады».
Сарапшы бұл өзгерістің тек жас көрсеткішінде емес, қарыз көлемінде де байқалатынын атап өтеді. Орташа қарыз сомасы да өсіп келеді. 2022 жылы 50,6 мың теңге болса, 2024 жылы 64,2 мың теңгеге жетті. Яғни, адам тек жасарып қана қоймай, көбірек қарыз ала бастады. Бұл – тәжірибесі аз адамның үлкен қаржылық міндеттеме алуына әкеледі. Ал бұл тәуекелді арттырады. Оның айтуынша, бұл құбылыс жекелеген жағдай емес, кең таралған үрдіс.
«2024 жылы шамамен 2 миллион адам кемінде бір рет жалақыға дейінгі қарыз алған. Оның үстіне олардың үштен екісінде басқа да несиелер бар. Ең алаңдатарлығы – адамдардың бұл құралды тұрақты пайдалануы. Қарыз алушылардың 30 пайызы мұндай несиені жыл ішінде алты айдан астам уақыт қолданған. Ал ең белсенді топ жылына 20-25 рет қарыз алады. Бұл – әр екі-үш апта сайын ақша қарызға алу деген сөз. Мұндай жағдайда адам қарызды жаппайды, тек бірін екіншісімен алмастырып отырады».
Руслан Сұлтанов бұл мәселенің түпкі себебі қаржылық әдеттерде екенін ерекше атап өтеді. Жастың өзі проблема емес. Негізгі мәселе – адамның қаржылық өмірінің басында-ақ шығындарын қарыз арқылы жабуға үйренуі. Сол кезде қарыз ерекше жағдай емес, нормаға айналады. Сондықтан бүгінгі шектеулер кейбіреуге ұнамауы мүмкін. Бірақ олардың маңызды рөлі бар. Олар адамдардың ересек өмірге табыс пен жинақ арқылы емес, қарыз арқылы кіруін белгілі бір деңгейде тежейді.
Осылайша, бүгінгі несие саясаты екі бағытта қатар жүріп жатыр. Бір жағынан мемлекет қарызды шектеуге тырысады, екінші жағынан қоғамда қарызға тәуелділік тереңдеп келеді. Ал бұл мәселені тек заңмен немесе шектеумен шешу мүмкін емес. Ол үшін қаржылық сауаттылықты арттыру, табыс деңгейін көтеру және ұзақ мерзімді экономикалық саясатты үйлестіру қажет.