🏛️ Саясат

Премьер-министр жыл соңына дейінгі міндеттерді белгіледі

Премьер-министр жыл соңына дейінгі міндеттерді белгіледі

20,4 млн м2 тұрғын үйді нақты пайдалануға беру құрылыс саласындағы 2026 жылға арналған басым міндеттерінің бірі болып қала береді. Премьер-министр Олжас Бектенов тұрғын үйлер қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, абаттандыру жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ғана пайдалануға берілуі керектігін атап өтті, деп жазады Ozgeris.info.

Тұрғындар үшін тұрғын үй бағдарламаларының қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.

«Тұрғын үйді қаржыландыру тетіктерін жетілдіру қажет. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, бастапқы жарна мөлшерін төмендету тетіктерін енгізуге қатысты қосымша ұсыныстар әзірленсін»,
 — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өңірлердің әкімдіктеріне тұрғын үй құрылысына жер телімдерін алдын ала әзірлеп, инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарын жеделдету міндеті қойылды. Жаңа тұрғын үйлер қажетті инфрақұрылыммен және абаттандырумен қамтамасыз етіліп, қоныстануға толық дайын болуы тиіс. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2035 жылға қарай газбен қамту деңгейін 80%-ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында Энергетика министрлігіне QazaqGaz компаниясымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, магистральдық газ құбырларын уақтылы салу және газ саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыру шараларын қабылдау тапсырылды.

Жыл соңына дейін газбен қамту деңгейін өткуен жылғы 64,2%-дан 64,5%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. 

 

Барлық жаңалық