Әлем

Өзбекстанда 4 аяқпен туылған сәбиге күрделі ота жасалды

Өзбекстанда 4 аяқпен туылған сәбиге күрделі ота жасалды

Өзбекстанның Сұрхандария облысында сирек кездесетін туа біткен даму ақауымен дүниеге келген нәрестеге күрделі хирургиялық операциялар жасалды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.

Ұл бала 28 сәуір күні Шеробод ауданында туған. Келесі күні ол Самарқанд қаласындағы мамандандырылған медициналық орталыққа жеткізілген.

Дәрігерлер сәбиден сирек кездесетін туа біткен патологияны анықтаған. Мамандар екі кезеңнен тұратын күрделі операция жасап, толық қалыптаспаған әрі қызмет атқармайтын қосымша аяқ-қолдарды алып тастаған.

Қазіргі уақытта нәрестенің жағдайы тұрақты деп бағалануда. Дегенмен оның толық сауығуы үшін алдағы уақытта тағы бірнеше операция қажет болады.

Мамандардың айтуынша, мұндай патологиялар өте сирек кездеседі және өмір сүру көрсеткіші төмен болуы мүмкін. Соған қарамастан дәрігерлер баланың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын мәлімдеді.

Daryo.uz басылымының мәліметінше, анасы жүктілік кезінде жоспарлы медициналық тексерулерден өткен. Алайда скрининг барысында ұрықтағы патология анықталмаған. Кейін медицина қызметкерлері ультрадыбыстық зерттеу кезінде ақаудың байқалмай қалғанын мойындады.

Самарқанд облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сухроб Зайниевтің айтуынша, нәрестеде сиам егіздерінің толық дамымаған түрі тіркелген. Яғни екінші эмбрионның төменгі дене бөлігі ғана қалыптасқан.

Барлық жаңалық