💰 Экономика

Жұбайыңыздан жасырып несие алған болсаңыз...

Қазақстанда жұбайының рұқсатынсыз алынған тұтынушылық несие немесе микрокредит енді жарамсыз деп танылуы мүмкін. Егер ол қарыз отбасының қажеті үшін емес, тек бір адамның мүддесі үшін алынғаны анықталса, банк не микрокаржы ұйымы ондай келісімді бұзуға міндетті. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.

Мұндай шешім отбасылық мүлікті қорғау және несиелермен байланысты алаяқтықтың алдын алу үшін қабылданған. Себебі кейбір адамдар екінші жартысының рұқсатынсыз қарыз алып, кейін оны бүкіл отбасы болып төлеуге мәжбүр болып жатады. Енді ондай әділетсіздікке заңмен тосқауыл қойылады.

 – Егер сіз жұбайыңыздың сізбен ақылдаспай несие рәсімдегенін білсеңіз, ең алдымен банктен немесе микроқаржы ұйымынан сол қарыз туралы мәлімет сұратыңыз: қанша ақша, қашан алынған, қандай шартпен. Ол үшін нотариус арқылы рәсімделген сенімхат қажет болуы мүмкін. Одан кейін банктен бұл несиені заңсыз деп тануды талап етіп, ресми өтініш жазыңыз. Егер банк бас тартса, Агенттікке немесе банк омбудсменіне шағым түсіруге болады, – деп түсіндіреді өкілетті орган. 

Айтпақшы, агенттік жақында жаңа ереже енгізбек. Оған сәйкес, егер қарыз сомасы 1000 АЕК-тен (яғни, шамамен 3,9 миллион теңгеден) асса, онда банктер оны тек екі жұбайдың келісімімен ғана бере алады. Тек екі жағдайда ғана келісім сұралмайды: егер жұбай қарыз алушы ретінде бірге көрсетілсе немесе несие бұрынғы қарызды жабу үшін сол банктен қайта алынса.

 

Барлық жаңалық