TikTok платформасы бүкіл әлемнің мәдениетін түбегейлі өзгерткен әлеуметтік желіге айналды. Бастапқыда қысқа ғана видеороликтерден басталған көңіл көтеру платформасы бүгін дәстүрлі өнер түрлеріне, соның ішінде сахна өнері мен актерлік шеберлікке деген қызығушылықты қайта жандандырудың қозғаушы күшіне айналды. Осы ретте мамандар мен зерттеулер орынды сұрақ қойып отыр. TikTok феномені уақытша тренде пе, әлде мәдени құбылыстың бастауы ма? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.
TikTok желісін 2018 жылы қытайлық ByteDance компаниясы іске қосқан. Арада біраз уақыт өтсе де, аталмыш платформа қолданушыларының саны қазір әлем бойынша 1 миллиардтан асты. Оның 10 миллионы Орталық Азияға тиесілі. Аймақ елдерінде платформа өзін-өзі танытудың ғана емес, театр өнерін кеңінен насихаттаудың да құралына айнала білді. Жастарды актерлік дағдыларды үйренуге және кәсіби қойылымдарға қатысуға ынталандырып отыр.
Оның себебі де жоқ емес. TikTok шығармашылыққа ерекше мүмкіндік береді. Интерфейсі жеңіл, ал алгоритмдері қолданушылардың қызығушылығына сай контентті алға жылжытады. 2015 жылы интернетке қолжетімділік 38% болған, 2024 жылы көрсеткіш 72%-ға дейін өсті, нәтижесінде TikTok кең аудиторияға жол ашты. Платформаның Орталық Азиядағы қолданушыларының 65%-ын 16-34 жас аралығындағы жастар құрайды.
Платформаға 15 секундтан 3 минутқа дейінгі видеобейнелерді жүктеуге болады. Қолданушылар түрлі форматтарда, атап айтқанда, скетчтер, монологтар, қысқа сахналық қойылымдар қойып тәжірибе алмасып жүр. Мұндай форматтарда көркем сөйлеу, мимика, дауыс ырғағын басқару және мәтінмен жұмыс істеу секілді актерлік өнердің негізгі қырлары қажет, сондықтан TikTok жаңа бастаған актерлер үшін өзіндік «жаттығу алаңы» болып отыр.
Қазақстан тәжірибесі
Қазақстанда 4 миллионға жуық адам әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Алматыда Yolo House атты тиктокерлер тобы пайда болған. 2021 жылы олардың видеолары 500 миллионнан астам қаралым жинады. Комедиялық скетчтер мен импровизацияларды қамтитын бұл контент кейіпкермен жұмыс істеу, диалог құру секілді сахналық өнер элементтерін көрсетеді.
Yolo House-тың жетістігі өңір жастарын өздерінің шағын театрлық миниатюраларын жасауға шабыттандырды. Нәтижесінде Алматы мен Астанадағы театр студияларының саны 2020 жылдан 2024 жылға дейін 25%-ға өскен. Мысалы, Екатеринбургтегі «Коломбина» театр студиясы Қазақстаннан келетін студенттер ағынының артқанын атап өтті. Олардың көбі TikTok-тағы шығармашылығынан кейін актерлікке қызыға бастаған.
Өзбекстан тәжірибесі
Өзбекстанда TikTok-қа 2021 жылы цензуралық шектеулерге байланысты уақытша тыйым салынған еді. 2023 жылы қайта ашылғаннан кейін, 2025 жылға қарай мұнда 3 миллионға жуық қолданушы тіркелді. TikTok ұлттық театр өнерін ілгерілетудің құралына айналды. Жастар халықтық комедия саналатын «масхарабозлик» секілді дәстүрлі театр формаларынан шабыт алып, қысқа бейнелер жариялауда.
Осы уақыт ішінде Ташкент мемлекеттік өнер және мәдениет институтына деген қызығушылық артты. 2024 жылы аталмыш оқу орны «Актерлік өнер» мамандығына түсушілер санының 2022 жылмен салыстырғанда 15%-ға өскенін хабарлады. TikTok қолданушылары өзбек халық ертегілерін заманауи аудиторияға лайықтап бейімдеп, мәдени мұраны сақтауға үлес қосуда.
Қырғызстан тәжірибесі
Қырғызстанда да TikTok сахна өнерін танымал етуге елеулі ықпал етіп отыр. 2023 жылы Бішкекте өткен «Сенің шансың» фестиваліне «Цифрлық театр» атты жаңа номинация енгізіліп, қатысушылар TikTok форматына сай қойылымдарын көрсетті.
Фестивальге 5000-нан астам көрермен жиналды, ал қатысушылардың 30%-ы TikTok-тағы жетістіктерінен кейін театрға қызыға бастаған. Платформа жастарды цифрлық контенттен кәсіби сахнаға қадам басуға ынталандырды. 2024 жылы Қырғыз ұлттық драма театры жас актерлерге арналған бағдарлама ашып, қатысушылардың 20%-ы TikTok-та театрлық қойылымдар жасағандар.
Тәжікстан және Түрікменстан тәжірибесі
TikTok аудиториясы шағынд Тәжікстан және Түрікменстанда сахна өнеріне деген қызығушылық артып келеді. Душанбе қаласындағы Тәжікстан өнер академиясы 2024 жылы актерлік курстарға өтініш берушілердің 10%-ға артқанын хабарлады.
TikTok-та жас тәжік актерлерінің «Ромео мен Джульетта» секілді классикалық монологтарды орындаған видеолары 100 мыңға дейін қаралым жинап, авторларды кәсіби дамуға ынталандыруда.
Түрікменстанда интернет қолжетімділігі шектеулі. Десе де, TikTok негізінен Ашғабат сияқты ірі қалаларда қолданылады. Мұнда Мемлекеттік драма театры жергілікті тиктокерлермен бірлесіп спектакльдерді жарнамалай бастады, нәтижесінде 2024 жылы көрермендер саны 12%-ға өсті.
Театр болашағы
Цифрлық платформалар театр қойылымдарын жарнамалаудың тәсілін де өзгертті. «Ticketon» билеттер сату сервисінің мәліметінше, 2024 жылы театр қойылымдарына сатылған билеттер саны 31%-ға өскен. Мысалы, Almaty Theatre 2023 жылы TikTok парақшасын ашып, бір жыл ішінде 50 мың жазылушы жинап үлгерді. Сондай-ақ көрермендер саны 20%-ға артқан.
Білім мен дәстүрді сақтау
Актерлік өнерге қызығушылық артқанына қарамастан, Орталық Азияда кәсіби білім алу мүмкіндіктері шектеулі. Мысалы, Тәжікстанда актерлік мамандық бойынша тек 2 оқу орны бар, Түрікменстанда – 1 ғана.
Қазақстанда жағдай жақсырақ. Елімізде 15 театр мектебі жұмыс істейді. Соңғы екі жылда сұраныс 20%-ға артқандықтан, студент қабылдауда қиындық көріп отыр.
TikTok жаһандық театр саласын біздің аймаққа жеткізуші құралы. Орталық Азия қолданушылары Бродвей стиліндегі қойылымдардан шабыт алып, оларды жергілікті сахнаға бейімдеуде.
Мысалы, 2024 жылы Бішкекте TikTok-тағы тренд негізінде жасалған мюзиклдің премьерасы өтті. Оны 200 мың адам онлайн тамашалады. Мамандардың пікірінше, ұлттық дәстүрлерді поп-мәдениет ығыстыру қаупі артып отыр. Өзбекстанда, мысалы, театр тақырыбындағы TikTok контентінің тек 10%-ы ұлттық дәстүрлерге арналған.
TikTok Орталық Азияда сахна өнеріне деген қызығушылықты қайта түлеткен қуатты құралға айналды. Ол жастарды актерлікке баулып, спектакльдерді насихаттап, шығармашылыққа жол ашады. Алайда тұрақты даму үшін театрлық білімге инвестиция салу және ұлттық дәстүрлерді сақтау қажет. 2027 жылға қарай өңірдегі TikTok қолданушылары 12 миллионға жетеді деген болжам бар, демек платформа цифрлық шығармашылық пен дәстүрлі сахна өнерін жалғайтын маңызды көпір болып қала бермек.
Айта кетейік, YouTube, TikTok секілді платформалардан табыс табатын азаматтарға қатысты жаңа ереже енгізіледі. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, 2026 жылдан бастап мұндай табыс ресми түрде бақыланатын болады.