Конференция жақсы өтті. Қоғам және мемлекет қайраткерлері мен ғалым азаматтармыз бірінен соң бірі жүрек жарды қуаныштарын жиналған көп қауымға айтып жатты. Сөйлеу кезегі Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына берілді. Бас Мүфти Мәшһүр Жүсіп бабамыз туралы әдейі арнап, көңілге қонымды әрі жүрекке жағымды тамаша сөзін айтты.
Реті келгенде айтылмаған сөзді жетім дейміз. Конференция түгіл қай жерде болса да, жиналған көпті бөліп-жарып даралауды дұрыс деп айта алмаймын. Сондықтан Бас Мүфти сөз алғандардың алды болады деп ойлап едік, бірақ ойлағанымыздай болмады. «Әй, бір кем дүние-ай» – деп, қынжылдық та, қойдық.
Әулие бабамыз Машһүр Жүсіптің көріпкелдігіне тарихтың өзі куә. Машһүр Жүсіп бабамыз 1917 жылғы революцияны және Ақ патша режимінің күйреуін қуана құптағанын білеміз.
Көріпкел бабамыздың бұдан бір ғасыр бұрын қалың ел-жұртым, қазағыма қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман болады деген болжауы – бәрімізді алға жетелеуде. Себебі, бәріміз де сол жарқын болашақта өмір сүргіміз келеді, бірақ та оны біреу көрер, біреу көрмес. Сондықтан, құр қол қусырып, жәйбарақат отыратын уақыт жоқ. – Ия, сонда не істеуіміз керек? – дейміз ғой... Осы сұрақтың жауабын бабамыз Мәшһүр Жүсіптің өзі айтып тұр ғой.
Арнайы сәлем берейін деп барғанда ағасының тосыннан-тосын қойған сауалына:
- Абайдың құдайы қайда екенін білмедім. Менің құдайым – менің жүрегімде. Тозақ пен жұмақ әркімнің өз үйінде: әйелің ақымақ болса – тозақ; ақылды болса – жұмақ! – депті, Жүсіп Көпейұлы мүдірместен.
Оспанов Хамза, экономист, зейнеткер, «SHABYT» ҚБ