Жаңалықтар

Әділет департаменті өкіліне қатаң сөгіс ұсынылды

Әділет департаменті өкіліне қатаң сөгіс ұсынылды

Павлодарда әділет департаменті басшысының орынбасары Айдын Саменқұлов этика кеңесінде қаралды. Оған қарамағындағы қызметкерлермен жоғарыдан сөйлескені үшін сын айтылды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Қызметкерлер тек шағым айтып қана қоймай, жиналыс кезіндегі аудиожазбаны да ұсынған. Онда шенеуніктің «Сіз кімсіз?», «Атыңыз кім?» деген сияқты сөздерді бірнеше рет қайталап, қызметкерлерге менсінбей сөйлегені байқалған.

Этика кеңесінің мүшелері мұндай қарым-қатынас мемлекеттік қызметшіге тән емес екенін атап өтті.

Қызметтік тексеріс нәтижесінде оның әрекеті әдеп нормаларына сәйкес келмейтіні анықталды. Дегенмен, Саменқұлов өз кінәсін мойындамады. Ол шағым тек бір бөлімнен түскенін, ал басқа қызметкерлер керісінше оң пікір білдіретінін айтты.

Нәтижесінде, шенеунікке қатаң сөгіс жариялау ұсынылды.

Барлық жаңалық