Жаз мезгілі басталысымен жасөспірімдердің көлік тізгініне отыруы жиілейді. Кей жағдайда балалар ата-анасының рұқсатынсыз көлікті айдап кетсе, енді бірінде үлкендердің өзі «ештеңе етпес» деп кілтті қолына ұстата салады. Алайда мұндай әрекет тек жол ережесін бұзу емес, бірнеше бірдей әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Бұл туралы «Қаржылық сауат» телеграм-арнасы жазды, деп жазады Ozgeris.info.
Арна мәліметінше, кәмелетке толмаған жасөспірім көлік жүргізіп ұсталған жағдайда жауапкершілік тек баланың өзіне ғана емес, көлік иесіне және ата-анасына да қатар жүктеледі. Егер жүргізуші куәлігі жоқ адам көлік айдаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабы 2-бөлігіне сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл – 86 500 теңге.
Ал көлікті жүргізуге құқығы жоқ балаға өз еркімен берген адамға жаза бұдан да қатаң. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабы 5-бөлігі бойынша көлік иесіне 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 216 250 теңге айыппұл қарастырылған. Бұл жаза әкесіне де, анасына да, тіпті көлікті берген өзге адамға да қолданылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, ата-ананың бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін де жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы 1-бөлігіне сәйкес тағы 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 43 250 теңге айыппұл салынады.
Осылайша жалпы шығын көлемі 80 айлық есептік көрсеткішке жетіп, отбасылық бюджеттен бірден 346 мың теңгеден астам қаржы кетуі мүмкін.
«Қазақстанда әкімшілік жауапкершілік 16 жастан басталады. Егер бала 16 жасқа толған болса, 86 500 теңгелік айыппұл оның өз атына рәсімделеді. Алайда көп жағдайда бұл соманы бәрібір ата-анасы төлейді. Ал егер жасөспірім 16 жасқа толмаған болса, оған бұл баппен айыппұл салынбайды. Бірақ іс арнайы комиссияда қаралып, ата-анасы бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін міндетті түрде жауапқа тартылады. Сонымен қатар көлікті ата-анасының өзі бергені дәлелденсе, олар қосымша 50 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлды да төлеуі мүмкін. Кей жағдайда ата-аналар «балам көлікті рұқсатсыз айдап кетіп қалды» деп жауапкершіліктен құтылуға тырысады. Алайда мұның да салдары ауыр болуы мүмкін», дейді арна авторы.
Егер ата-ана көлікті өз еркімен бермегенін дәлелдеуге тырысса, онда жасөспірімнің үстінен Қылмыстық кодекстің 200-бабы бойынша «көлікті заңсыз айдап кету» дерегімен қылмыстық іс қозғалуы ықтимал. Яғни, әкімшілік айыппұлдан құтылу әрекеті баланың болашағына әлдеқайда ауыр салмақ түсіруі мүмкін.
Мамандар әсіресе жасөспірімнің мас күйде көлік жүргізуіне немесе жол-көлік оқиғасына себеп болуына байланысты жағдайларға ерекше назар аудару қажет екенін айтады. Мұндай жағдайда іс әкімшілік құқық бұзушылық шеңберінен шығып, Қылмыстық кодекс бойынша қаралады. Соның салдарынан жасөспірім сотталып кетуі де мүмкін.
Арна авторы қазіргі таңда қала көшелерінде жасанды интеллект элементтері бар камералар жұмыс істеп тұрғанын да еске салады. Мұндай жүйелер көлік тізгініндегі адамның кім екенін анықтауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұндай бақылау технологиялары одан әрі күшейе түседі.