Алматы қаласы

Алматыда түтінге тұншыққан ер адамды өрт сөндірушілер аман алып қалды (ВИДЕО)

20 шілде кешкі уақытта Алматы қаласының Алмалы ауданында өрт сөндірушілер түтін басқан пәтерден 50 жастағы ер адамды құтқарып қалды. Бұл туралы ozgeris.info сайты қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

 

Сағат 20:32-де Шагабудинов көшесі, 31 мекенжайындағы бес қабатты тұрғын үйдің кіреберісінен күйік иісі шығып жатқаны туралы хабарлама «101» пультіне түскен. Үш минуттан кейін оқиға орнына №9 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жетті.

 

Түтіннің көзі бірінші қабаттағы жабық пәтерден анықталды. Көршілердің ішінде ешкім жоқ деген сөзіне қарамастан, құтқарушылар бензоқұрал арқылы есікті ашып, ес-түссіз жатқан пәтер иесін есік маңынан тапты.

 

Ол бірден таза ауаға шығарылып, жедел жәрдем тобына тапсырылды. Алдын ала мәлімет бойынша, пәтердегі тұрмыстық заттардың өртенуіне абайсызда шылым шегу себеп болған. Өрт шамамен 5 шаршы метр аумақты қамтыған.

 

Зардап шеккен азамат қазір дәрігерлердің бақылауында. Оқиға орнына дер кезінде жеткен өрт сөндірушілер мен көршілердің шұғыл әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды.

Барлық жаңалық