💰 Экономика

Айлық өсті, бірақ қалта қалыңдаған жоқ

2025 жылдың екінші тоқсанында отандастарымыздың жалақысы қағаз жүзінде өскенмен, шын мәнінде айырмашылық сезілмеді, деп жазады Ozgeris.info.

Ұлттық статистика бюросы бір қызметкердің орташа айлығы 448,6 мың теңге болғанын хабарлады. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда бұл 11,3%-ға көп, бірақ баға да сол шамада қымбаттаған соң, нақты өсім нөл болып шықты.

Бірінші несие бюросы мұны ерекше атап өтті:

«Сәуір-маусым айларында нақты жалақының жылдық өсімі алғаш рет тоқтап қалды. Бұл әсіресе кейбір салаларда қатты байқалады»

Мысалы, құрылысшылардың жағдайы қиындаған.  Олардың нақты айлығы бір жылда 10,8%-ға азайып, қазір орташа есеппен 490,2 мың теңге. Жалақысы инфляцияға төтеп бере алмаған салалар алтау болып отыр. Мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығы да құнсызданды.  Екеуінде де шамамен 3,1%-ға. Қазір мұғалімдер орта есеппен 373,8 мың теңге, медицина қызметкерлері 339,6 мың теңге алады.

Бюро сарапшылары мұны қарапайым тілмен былай түсіндіреді:

«Айлық өскендей көрінеді, бірақ дүкен мен базарға барған кезде еш айырмашылық сезілмейді. Себебі бағаның шарықтауы барлық өсімді «жеп қояды» Мұндай жағдайда халықтың тұрмысын жақсарту үшін ең бастысы, инфляцияны тежеу және еңбек өнімділігін арттыру».

Барлық жаңалық