Жаңа оқу жылы оқушылар үшін жағымды жаңалықтармен басталады. Енді мектеп асханаларында қант пен тұз мөлшері азайып, дәруменге бай тағамдар көбейеді. Ал кариеске шалдыққан балаларға көмек көрсету үшін бірқатар білім ордаларында стоматологиялық кабинеттер ашылады. Жаңа оқу жылында оқушыларды тағы қандай жаңалықтар күтіп тұр? Мектептер дайын ба? Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Жаңа оқу жылына дайындық
1 қыркүйек жақындап қалды. Биыл еліміз бойынша 4 миллионнан астам бала мектепке барады. Қазақстанда шамамен 8 мың мектеп бар. Биыл олардың қатарына 300 мыңнан аса бірінші сынып оқушысы қосылады.
Ас мәзіріндегі өзгерістер
Соңғы жылдары оқушылардың тамақтануына көңілі толмайтындар көбейді. Қоғам белсенділері мен мамандар тамақтың дәмсіз әрі суық күйінде берілетініне шағымданған. Кей жерлерде тамақ қалдықтарына дейін берілген жағдайлар да кездескен.
Мамандар ұзақ талқылай келе, биылдан бастап мектептегі ас мәзірін өзгертуге шешім қабылдады. Күзден бастап жаңа стандарттар күшіне енеді:
• тұз бен қант мөлшері азаяды;
• дәрумендер мен пайдалы өнімдер көбейеді;
• әр мектептің медбикесі күн сайын тамақ сапасын тексеріп отырады
Айта кету керек, бұған дейін олар мұндай жауапкершілікке тартылмаған. Тексерістер алдын ала ескертусіз, кез келген күні жүргізіледі.
Инфляцияға байланысты тамақ бағасы да өседі Енді бір балаға орта есеппен 631 теңге болады, биыл 580 теңге болған.
Мектеп орындарының тапшылығы
Мектеп орындарының тапшылығы бүгінгі күнге дейін өзекті. Кейбір өңірлерде балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Қазір 232 жаңа мектеп салынып жатыр. Соның 83-і 1 қыркүйекте ашылады. Қалғандарында құрылыс пен жөндеу жұмыстары жалғасуда. Әсіресе Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарындағы ауыл мектептері оқу басталғанға дейін дайын болмай қалуы мүмкін.
Қазір көптеген мектептерде бейнебақылау камералары орнатылған. Десе де, барлығы бірдей ІІМ жүйесіне қосылмаған. Мысалы, Жамбыл облысында полицияға тек 16% камера ғана қосылған, ал мемлекеттік мектептерде бірде-бірі тіркелмеген.
Стоматология кабинеттері ашылады
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, оқушылар арасында кариес, темір тапшылығы анемиясы және көздің нашар көруі жиілеп кеткен.

Мәселені шешу үшін өңірлерде 145 стоматологиялық кабинет ашу жоспарланған. Алайда 1 қыркүйекке дейін олардың тек 47-сі ғана дайын болады.
Оқу жылы ұзартылмайды
Оқу-ағарту министрі оқу жылын ұзарту мәселесін де түсіндірді. Қазір кейбір мектептерде жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатқандықтан, бұл тақырып күн тәртібінде жоқ.
Биыл Конституция күніне орай мектептерде сабақ 2 қыркүйекте басталады.