Кейінгі жылдары еліміздегі банк секторында қаржы институттарының тұтасуы мен іріленуі жиілеп кетті. Өткенде ғана ForteBank «Home Credit Bank»-тің 100% акциясын сатып алғанын жариялады. Бұл – кейінгі уақыттағы алғашқы мысал емес.Оған дейін Halyk Bank «Қазкомды» жұтып, Банк ЦентрКредит «Альфа-Банкті» иемденсе, Jusan Bank пен АТФ Банк бірікті. Ал «Бәйтерек» холдингі «Сбербанкті» сатып алып, кейін басқа қаржы ұйымына өткізгені әлі есте. Сонда бұл ірілену нені білдіреді, деп сараптайды Ozgeris.info.
Forte мен Home Credit
«ForteBank» мәлімдемесінде «Home Credit Bank» әуелі еншілес банк ретінде жұмыс істей беретінін, ал кейін Forte платформасына толық интеграциялауға дайындық жүргізілетінін айтты. Бірігу кезеңінде HCB-ның өнімдері, корпоративтік мәдениеті мен тәжірибесі сақталады.
«HCB-ға жеткілікті деңгейде автономия беріледі. Мысалы, қазіргі филиалдық желісі Forte желісімен қатар жұмыс істейді. Басқару қағидаттары да сол күйінде қалады. Интеграция шамамен бір жылға созылады», дейді Forte өкілдері.

Бұл тәсіл – банктің ішкі икемділігін, жеделдігін жоғалтпай, тәжірибесін жаңа деңгейге шығару ниетін аңғартады. Ал HCB өз тарапынан қызметкерлердің лауазымы мен еңбек шарттары өзгермейтінін, клиенттерге бұрынғы талаптармен қызмет көрсетілетінін жеткізді.
«Бұл мәміле екі тарапқа да тиімді. Біз 20 жылда сенімді қаржы институтына айналдық. Forte тәжірибелі әріптес, қызметті соған тапсыру даму сабақтастығын қамтамасыз етеді», дейді банк өкілдері.
Қадамдар дер кезінде жасалып жатыр ма?
Тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаевтың ацйтуынша, 2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс басталғанда бірқатар ресейлік акционер санкциядан қашып, банктен шықты. Чехиялық топ қана қалды.
«Осындай жағдайда Болат Өтемұратовтың ForteBank атынан жасаған ұсынысы HCB үшін өте тиімді болды. Кейбір олигархтардың көлеңкелі топтардан немесе билік құрылымынан қысым көргенше, нарықтан кеткені жөн. Алған қаржыны басқа жобаларға салуы мүмкін, мысалы, микроқаржылық ұйымды сатып алып, оны банкке айналдыру», дейді ол.

Ал R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғанов болса бұл – таза коммерциялық жоба дейді. HCB тұтынушылық несие сегментінде Kaspi-мен бәсекелесу қиын екенін түсінген.
«Forte үшін бұл – жаңа депозиттік және клиенттік база, шығындарды азайту мүмкіндігі. Ақырында екі банк біріккен соң капитал түгел Forte-ге құйылады. Мысал ретінде Halyk-тың Қазкомды қосып алғаннан кейінгі өсімін айтуға болады», деп ұғындырды сарапшы.
Келесі кім?
Жақында «Dala Inside» телеграм-арнасы «Еуразиялық банк» үшін талас басталды деп жазды. Олардың дерегінше, Freedom пен Банк ЦентрКредит қызығушылық танытуы мүмкін. Мәселе – үш тең акционердің өзара келісе алмауында. Шодиев пен Машкевич сатуға бейіл, бірақ Шухрат Ибрагимов қарсы.
Dala Inside болжамынша, Forte HCB-ны шамамен 1 млрд долларға алған. Ал егер 2 млрд ұсынылса, Еуразиялықты да көндіруге болады. Бірақ мұндай қаржы Freedom мен Бәйсейітовте жоқ, сондықтан ұсыныс 800 млрд теңгеден аспауы мүмкін.
Банк өкілдері әзірге ешқандай ресми ұсыныс түспегенін айтып отыр. Резервті нұсқа – Нұрбанк. Бірақ оның қарыз портфелі әлсіз, кірістілік төмен, нормативтер толық сақталмай отыр. Нұржан Бияқаевтың айтуынша, Нұрбанк пен Еуразиялық бірігуі мүмкін немесе Нұрбанк Halyk-қа қосылуы ықтимал.

Реттеуші не дейді?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің іріленуінен оғаш ештеңе көрмейді. «Нұрбанк» және «Еуразиялық банк» бойынша мәміле туралы ақпарат жоқ.
Ал Арман Байғанов ескертеді:
«Бірігу банктерге пайдалы, бірақ нарық үшін тиімсіз. Бәсеке азайса, ірі сегменттер өзара келісіп алуы мүмкін. Бұл – қызмет құнының қымбаттауына әкеледі».
Банктердің бірігуін әр қырынан бағалауға болады: нарықтағы үлесті арттыру, технологияны жаңарту, шетелге шығу… Бірақ экономикалық себеппен қатар саяси және геосаяси фактордың да рөл ойнап отырғаны жасырын емес.