Алматы әуежайының ішкі терминалында ер адам өзін өртеуге әрекет жасады. Полиция қызметкерлері оны дер кезінде тоқтатты, деп хабарлайды Көліктегі полиция департаменті.
Ведомствоның мәліметінше, оқыс оқиға бүгін, 25 тамызда сағат 22:06-да Алматы әуежайының "Т-1" терминалында орын алған. Ер адам белгісіз себептермен кассаның алдында өзін өртеп жіберуге тырысқан. Полиция қызметкерлері әуежайдың қауіпсіздік қызметімен бірлесіп шұғыл өртті сөндіріп, бірден жедел жәрдем шақырған. Ер адам қалалық ауруханаға жеткізілді.
"Аталған дерек бойынша Көлік полициясы департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу іс-шаралары жүргізіліп, оқиғаның барлық себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр", - деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.