Қымыз – халқымыздың ұлттық сусыны. Оның адам ағзасына пайдасы туралы бірқатар зерттеу жүргізілген. Қымыздың, әсіресе, саумалдың пайдасына ешкім де шек келтірмейді. Бір қызығы, халық арасында қымызды көп ішсе, адам масаяды деген пікір бар. Расымен қымыздың құрамында алкоголь бар ма? Қымызды көп ішкен адамды алкоголь ішкен деп санауға бола ма? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Еліміздегі қымыз өндірісі
Өткен жылдың 12 айында қымыз өндірісі 10,6% өсіп, 2 463 тоннаға жетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 236 тоннаға артық. Биыл елімізде 9 айдың ішінде 1240 тонна қымыз өндірілді. Былтырғы осы уақытпен (қаңтар-қыркүйек) салыстырғанда өндіріс көлемі 22,9%-ға азайған. Былтыр 9 айдың ішінде 1 608 тонна қымыз өндірілді.Қымыздың құрамында алкоголь бар ма? – маман пікірі
«Қымыз – қышқыл дәмді сусын. Сондықтан оның құрамында спирттің үлесі бар. Бірақ, қымыз масайтады немесе алкогольдік сусын деген пайым ғылыми тұрғыдан еш жерде дәлелденбеген. Оның үстіне адам қымызды қанша көлемде ішсе де, алкотестер алкоголь дәрежесін көрсетпейді. Алкотестер адамның ішімдікті қанша көлемде тұтынғанын, яғни масаю деңгейін тексеретін құрал. Ішімдік ішті деген күдікті құралға үрлейді, оның демі арқылы ішімдік ішкені және қай деңгейде екенін көрсетеді. Бірақ, бұл тек алкоголь өнімдеріне ғана қатысты», - дейді Астана қаласының психикалық денсаулық сақтау орталығының дәрігері, психиатр-нарколог Анар Тастембекова.

Қымыз туралы ислам не дейді?
«Жалпы ислам ғұламалары жылқы сүтіне (бірауыздан) халал үкімін берген. Хидая кітабында жылқы сүтін ішудің оқасы жоқ делінген. Таза табиғи қымыз сусыны «алкогольсіз сусын» ретінде саналады. Ал оның құрамындағы ашығаннан туындаған спирттің мөлшері аз болғандықтан және адамды мас болдыратын көрсеткішке жетпейтіндіктен Ханафи мәзхабының ереже-қағидаты бойынша, харам үкім тудырмайды», - деген жауап алдық Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан.