Аралас жекпе-жектен қазақстандық шебер Жалғас Жұмағұлов бұған дейін екі әйелі барын жасырмайтын. Енді ол үшіншісін алуды жоспарлап жүр. Бұл туралы спортшы «Rukh Entertainment» YouTube-каналындағы подкаст кезінде айтты, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Сұхбат барысында Жалғас өзінің бос уақытында немен айналысатынын айтқан. Сондай-ақ, қыздарды жақсы көретінін, сондықтан құмары қанғанша үйлене беруді жоспарлап отырғанын жасырмады, деп жазады 1bol.kz.
«Әзірге екі әйелім бар, жақында үшіншісін алам. Көздеп жүргенім бар. Мен бұл әрекетімді былай түсіндірем: арыстан көп, бірақ бірнеше ұрғашыны ұстайтын арыстан аз, мен сондай аздың қатарынанмын. Қыздарды жақсы көрем. Жақсы көресің бе, онда үйлен. Егер бір әйелді қанағат тұтсаң, онда бір әйелмен ғана тұр, өз еркің», — деді ол әңгіме барысында.
Жұмағұлов өзінің ата-бабасы да көп әйел алумен танылғанын айтты. Мұны қазақтың тарихы мен мәдениетінде де бар дейді ол.
«Сіздерде қалай екенін білмейм, менің өз ата-бабамда көп әйел алғандар болды. Бұл үрдіс біздің жалпы мәдениетте де кездеседі. Мен мұнда проблема көріп тұрған жоқпын. Бірақ, кейбір адам бірнеше әйел алуды оңай деп ойлайды. Сырттан қарағанда солай шығар, бірақ, қиындық көп. Сен әрбір әйеліңе бірдей қарап, өте әділ болуың керек, олардың әрбіріне жауаптысың», — деп сөзін түйді қазақ файтері.
Еске салайық, бұған дейін тағы бір отандық MMA шебері Мұратбек Қасымбай да тоқал алғанын айтып мақтанған болатын.
ПІКІР ЖАЗУ