Жаңалықтар

"Көлік айдамай 7 жылға құқығынан айырылған": ағайындыларға қатысты түсініксіз үкім

14 мамыр күні болған оқиға қоғамда үлкен сұрақ тудырды. Бұл жағдай туралы жол-көлік оқиғалары бойынша автоқорғаушы Молдахан Әділетхан хабарлады, деп жазады ozgeris.info.

Оның айтуынша, бір азаматқа сот арқылы 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру туралы үкім шыққан. Алайда ол оқиға болған сәтте көлікте болмаған және жағдайға мүлде қатысы жоқ.

Көлік ресми түрде сотта "кінәлі" деп танылған адамның әкесінің атына тіркелген. Жолда тоқтатылған кезде көлікті басқарған адамда жүргізуші куәлігі болмаған. Ал жолаушы орнында ішімдік ішкен адам отырған — ол жүргізуші куәлігі жоқ "кінәлі" жігіттің туған інісі болған.

Полицейлер көлікті тоқтатқанда рөлде отырған адамның құжаты жоқ екенін анықтаған. Алайда, түсініксіз жағдайда олар жолаушы орнында отырған азаматты "рөлді құқығы жоқ адамға тапсырды" деп айыптаған. Көліктің ішінен жүргізуші куәлігі мен сақтандыру полисі үшінші ағасының атына табылып, дәл сол құжаттар негізінде сот үкімі шығарылған.

Сот үкімімен жазаны нақты көлікте отырған адам емес, аты-жөні құжатта көрсетілген адам алған. Ал оқиға орнында жолаушы ретінде болған інісі темір тордың ар жағында отыр. Алайда сот қағаздарында басқа адамның аты жазылған — ол ешқандай жаза өтеместен, бостандықта жүр.

Молдахан Әділетхан бұл істі ашық заңбұзушылық деп бағалап отыр. Оның пікірінше, процессуалдық тәртіп бұзылып, шынайы оқиға мен қағаздағы деректер бір-біріне сәйкес келмейді. Сондықтан бұл істі қайта қарап, әділет орнату қажет деп есептейді.

Барлық жаңалық