📰 Сарапшылар пікірі

Көксу өзені үшін күрес: Арал тағдырын қайталамас үшін не істеу керек?

Жетісу облысындағы Көксу өзенінде бірнеше шағын су электр станциясынан (СЭС) тұратын каскад салу жобасына байланысты қоғамда қызу пікірталас жүріп жатыр. Бұл жоба энергетикалық тәуелсіздік пен жаңа жұмыс орындарын уәде етеді, бірақ ғалымдар, экологтар, археологтар мен жергілікті тұрғындар үлкен алаңдаушылық білдіріп отыр. Олар Көксу өзенін Арал тағдыры күтіп тұр деп қауіптенеді. Құрылыс өңірдің экожүйесіне зиян келтіріп, мәдени мұраға қауіп төндіруі мүмкін. Су астында көне қорғандар мен петроглифтер қалуы мүмкін.

Қоғам неге ашықтық пен ғылыми сараптаманы талап етіп отыр? Бұл туралы ақпарат "Вестник Жетісу" ютуб арнасында пайда болды.  Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.

«Біздің бұл жаққа келуіміздің себебі СЭС құрылысы мәселесі. Былтырдан бері бұл жобаға байланысты қоғамдық ұйымдар партияға жүгінді. Мұнда мүдде қайшылығы бар. Бір жағынан су спорты мен туризм, екінші жағынан – энергетика», - дейді Олжас Ибраимов, Жетісу облыстық Халық партиясының төрағасы.

Жетісу – Қазақстандағы ең көркем әрі экологиялық жағынан құнды өңірлердің бірі. Алайда Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл өңірде электр энергиясының тапшылығы 15-20 пайызға дейін жетеді. Әсіресе қыста және таулы аймақтарда қиындық күшейеді. Көксу СЭС жобасы – жай ғана инфрақұрылым емес, бұл – халықтың билікке деген сенімі мәселесі. Сарапшылардың айтуынша, 2030 жылға қарай электр энергиясына сұраныс 30 пайызға дейін жетуі мүмкін.

Жоба аясында жалпы қуаты 42 мегаватт болатын екі станция: Рудничная-1 мен Рудничная-2 салынбақ. Инвесторлардың есептеуінше, бұл энергия шамамен 10 мың үйді қамтамасыз етуге жеткілікті. Қағаз жүзінде бәрі тартымды көрінеді, яғни жоба өңірдегі тапшылықты азайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Жетісу экономикасының дамуына үлес қосуға тиіс. Алайда бұл сандардың артында нақты қауіптер тұр.

«Бұл өзен жағасындағы өсімдіктер мен жануарларға, өзеннің арнасы мен түбіне, жақын маңдағы аумақтарға кері әсер етуі мүмкін. Көксу бірнеше ауданды кесіп өтеді, ал бұл аудандар ауыл шаруашылығына бейім, қызылша, соя және басқа да дақылдар өсіріледі. Мұнда көптеген шаруа қожалығы жұмыс істейді. Сондықтан бұл мәселеге ғылыми әрі кәсіби тұрғыдан қарау керек. Тек өзеннен энергия алып, пайда табу мақсат болмауы тиіс», - дейді Әлия Ахмедиева, «Жасыл ынтымақ» ұйымының жетекшісі.

Бір тарап қауіп-қатерді мұқият зерттеуді талап етсе, екінші тарап бұған дейін жауапсыз шешімдердің неге алып келгенін еске салады.

«Біз әлі күнге дейін СЭС жобасына қатысты құжаттардың толық нұсқасын ала алмай келеміз. Ешкіөлмес аумағына үш СЭС кіріп тұр. Бұл тарихи ескерткіштердің қорғау аймағы. Онда су қоймалары салынбақ, яғни кейбір ескерткіштер су астында қалуы мүмкін», - дейді Ольга Гумирова, «Петроглифтерді қорғаушылар» қоғамдық қорының директоры.

Көксу бойындағы Қаратай жазығы Қазақстандағы ең көне археологиялық мұралардың бірі. Мұнда ерте темір дәуірінен қалған 200-ден астам қорған, жүздеген қола дәуірі мен орта ғасырлардағы қоныстар, Ешкіөлмес жотасы бар. Қоғам белсенділерінің пікірінше, бұл құрылыс осы мұралардың жойылып кету қаупін туғызады.

«Мәселе тек петроглифтеге қатысты емес. Бұл Еуразиядағы ең ірі археологиялық кешендердің бірі. Мұнда үлкен қорым, ондаған көне қоныс бар. Көксу аңғары түгел тарихи ескерткіштерге толы, олардың көбі әлі зерттелмеген», - деді экобелсенді.

Биыл қыста мұнда бір айналма канал салынған еді. Алайда ол көктемгі тасқынға шыдамай, қирап қалды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Су тасқыны құрылымды шайып кеткен. Бетонның ішінде дұрыс арматура болмағаны, тек жұқа тор пайдаланылғаны белгілі болды. Ал бұл өзеннің мінезін жергілікті тұрғындар мен экологтар жақсы біледі. Сол кезде су деңгейі аса көтерілмесе де, нысан шайылып кетті.

«Құрылыс компаниясы салған айналма канал су тасқынына шыдамады. Өзен суы көтеріліп, бетон құрылысты шайып кетті. Ішінде арматура атымен жоқ, тек тор пайдаланылған. Қалыңдығын саусақпен-ақ көрсетуге болады. Бұл өзен асау екенін бәрі біледі. Сондықтан ақыры осылай болды», - дейді Олжас Ибраимов.

СЭС құрылысын жүргізіп жатқан компания барлық талаптарды сақтадық деп сендірген. Бірақ көктемгі тасқын олардың есебін жоққа шығарды. Және бұл компанияға мыңдаған адамның өміріне әсер ететін мұндай күрделі жобаны сеніп тапсыруға бола ма деген сұрақ туындайды. Бұл екі ауылдың халқының тіршілігіне тікелей байланысты мәселе.

Көксу өзені – ұзындығы 12 шақырым болатын, елімізде баламасы жоқ бірегей табиғи су жолы. Әлем спортшыларының басын қосқан жерде қазір СЭС құрылысы жүргізілуде. 2023 жылы мұнда Азия чемпионаты, ал 2024 жылы халықаралық жиындар мен республикалық жарыстар өткен. Сондай-ақ Көксу өзенінде Қазақстанның ұлттық олимпиадалық командасы жаттығады.

«Бұл өзен ерекше шатқал ішінде орналасқан. Әсемдігі мен табиғатына 10 балл қосады. Біздің жарыстарға қонақүйлер қажет емес, бізге табиғат керек. Біз үлкен шатырлар құрып, осында түнейміз, экологиялық жарыстар өткіземіз. Мұндай су ландшафттары бізде көп емес, бұл сирек кездесетін табиғи орын», - дейді Қазақстан рафтинг федерациясының жетекшісі Константин О.

Құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар да қарсы. Олар осы жерде өмір сүріп келеді, балық аулап, егін егеді. Ал қазір құрылыс кесірінен балық аулау мүмкін болмай барады, арықтарда су жоқ, сарымсақ қурап жатыр.

«Бәрін келді де, бүлдіріп тастады. Бұрын картоп, жеміс-жидек пен көкөніс өсетін. Енді құрылыс кесірінен ештеңе жоқ. Насостар орнатамыз деп уәде берді, бірақ олар суды тарта алмай жатыр. Туристер де азайды», - дейді өңір тұрғындары.

Жергілікті билік болса мұндай сынға қарсы. Олар СЭС өзеннің арнасын толық бөгемейді, үлкен су қоймасы құрылмайды деп сендіреді. Бар болғаны суды жартылай бұрып, қажеттілікке қарай реттейтін екі қақпа қойылады дейді. Бұл табиғат пен тарихи ескерткіштерге зиян келтірмейді деп уәде беріп отыр.

Гидроэнергетика – әлемдегі ең ірі таза энергия көзі. Ол күн мен жел энергиясын бірге есептеген көлеммен тең. Ең бастысы жоба жоғары стандарттарға сай, ашық, қауіпсіз және әлеуметтік жауапты болуы керек. Жоба іске қосылғаннан кейін 50-ден астам тұрақты жұмыс орны сақталады, ал жергілікті бюджетке түсетін салық жылына 1 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Ең маңызды сұрақ. Билік халықпен диалог орнатып, ашықтықты қамтамасыз ете алады ма?

Барлық жаңалық