Kiwano маркетінің негізін салушы Инна: «Сұлулық бизнесі жанды жадыратады»

Инна Шмулева – кәсіпкер-ана, Қазақстандағы танымал «Kiwano» косметика және эко өнім дүкендерінің негізін салушы. Сұлулыққа жақын Инна ханымның бизнес саласында жүргеніне көп болды. Бүгінде Kiwano маркетінің 15 000 орны бар. Ол өзінің табысқа жету сырын Ozgeris сайтына баяндап берді.

Инна Шмулева:

«Сұлулық сферасына жақын едім»

Жасым 30-да. Алматыда тұрамын. Мамандығым — банк саласының есепшісі. Бірақ ешқашан мамандық бойынша қызмет етпедім. Студент кезімнен-ақ сұлулық сферасына жақын екенімді түсіндім. 19 жасымда оқумен қатар сұлулық салонында жұмыс істедім. Жұмыс істеп жүріп тәжірибе жинадым. Солай 24 жасымда сұлулық салонын аштым. Сол іспен төрт жыл айналыстым.

28 жасымда екі егіз баланың анасы атандым. Менің көп уақытымды балаларыма арнадым. Сол үшін салонды жапқан жөн деп санадым. Әрине, бала тәрбиесі кез келген кәсіптен маңыздырақ.

Kiwano дүкенін ашу идеясы

Отбасымызбен шет елде саяхаттағанды ұнатамыз. Сингапурда қыдырып жүргенде, атақты косметикалар маркетін көрдім. Таңдау өте үлкен. Еуропалық брендтердің косметикалары қызықтырды. «Біздің елде неге барлық елдің брендтері жоқ екен?» деп ойладым. Сол жерде тұрып, осындай дүкен ашамын деген шешімге келдім.

Елге оралғаннан кейін осы идеяны жүзеге асыруды қолға алдық. Жарты жылдан соң дүкеннің ресми ашылуы болды.

Kiwano қалай танылды?

Жарнамаға аса мән береміз. Дүкеннің сайты бар, инстаграм парақшасын бақылауда ұстаймыз. Арнайы мамандар сол нәрсені қолға алған. Блогерлер, танымал адамдардың жарнамасын қолданамыз.

Kiwano дүкенінде басқалармен салыстырғанда ассортимент көп. Сұлулық косметикасы, күтімге арналған өнімдер, техникалар. Әрі баға үстемесін аз етуге тырысамыз. Күтімге арналған өнімдерді Кореядан алдырамыз. Одан бөлек косметиканы Украина, Еуропа, Беллоруссиядан импорттаймыз. Дұрыс тамақтануға қатысты өнімдер Ресейден келеді.

Сұлулық бизнесінде ескеретін жайттар

Сұлулық бизнесі күннен-күнге өркендей түспек. Өйткені сұлулықты қашанда жоғары бағалаймыз, соған талпынамыз. Қазіргі таңда косметикаға сұраныс көп. Тек қыз-келіншектер ғана емес, ер адамдар да күтімнің маңызын түсінеді. Шығын да аса көп емес, сол үшін таза табыс жақсы түседі. Косметика дүкенін ашу үшін шамамен 1,5 миллион теңге қажет. Алайда косметика дүкенін ашатын болсаңыз, әрдайым қозғалыста болуға дайын болыңыз. Әрдайым ассортиментті ұлғайтып, жаңарту керек. Себебі сұлулық индустриясы бір орында тұрмайды. Сол үшін сұлулық сферасындағы жаңалықтарды бақылап отырыңыз.

Тағы ескеретін нәрсе – жарамдылық мерзімі. Косметикалардың жарамдылығы өтіп кету мүмкін. Соны бақылап тұру керек.

Франшиза сату бастамасы

Кивано жеткілікті танылған соң, жаңа деңгейге көтерілгіміз келді. Сол үшін үш ай бұрын франшиза шығаруға бет алдық. Алайда біз карантин кезеңіне тап болдық. Сол жағы қиындау болды. Ал бірақ франшизамен жұмыс істеу қиындық тудырмады. Жаркент қаласында алғашқы франшизамыз дүниеге келді. Бүгінде Қазақстанның барлық қаласында, кішігірім елді мекендерде шағын маркетіміз бар.

Қазақстанда франшиза аса дамымаған. Халық әзір франшизаның пайдасын түсінбейтін сияқты. Алайда кәсібін енді бастайтындар үшін ол — тиімді ұсыныс. Сіз танымал бренд атауын сатып алу арқылы табысқа кенеле аласыз. Тәуекел аз, әрі дайын бизнес жоспар ұсынылады.

Жас кәсіпкерлерге кеңес

Бастапқы капиталы жоқ алғашқы кәсіпкерлер интернет-дүкен аша алады. Ол үшін инстаграм немесе сайт ашасыз. Тұтынушылардың тапсырысы бойынша тауар ала аласыз. Тауарды көтерме сауда арқылы аласыз. Базалық ассортимент, бастапқы инвестицияны қажет етпейді. Кейін дамып, ісіңіз алға басса, дүкен ашуыңызға болады.

 

Скендирова Қырмызы