Қарағандыда 17 жастағы студент есірткі тасымалдаумен айналысқаны үшін 7,5 жылға сотталды

есірткі
Фото: gov.kz

Қарағанды политехникалық колледжінің 17 жастағы 3-курс студенті курьер болып, есірткі тасымалдаумен айналысқан, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Жоғарғы сот баспасөз қызметінің мәліметінше, студент 2023 жылдың сәуір айында интернеттен курьер қажет екені туралы хабарландыруды көреді. Аталған телефон нөміріне қоңырау шалып, жұмыстың қиын емес екенін, сонымен қатар жалақысының жоғары екенін біліп, жұмысқа кіріскен.

Жасөспірім жақсы оқымағанымен, ұстаздар тарапынан шағым болмаған. Ол әкесімен және өгей шешесімен бірге тұрған.

«Студент әрбір салынған орама үшін банк картасына 2,5 мың теңгеден аударым алып отырған. Оны жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды.

2023 жылдың қараша айында қылмыс үстінде полиция қызметкерлерінің қолына түсті.

Жасөспірімнің сөмкесі мен қалтасынан психотроптық зат (мефедрон) бар 11 орама пакет табылды. Жасөспірім психотроптық заттың аналогын өткізу мақсатында басқа адаммен алдын-ала сөз байласу арқылы электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы адамдар тобымен заңсыз сақтады деп айыпталды (ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі 1), 3), 5) тармақшалары бойынша)», – делінген хабарламада. 

Айыпталушының кінәсі – куәлардың, полиция қызметкерлерінің айғақтарымен, куәгерлермен, сараптамалардың қорытындыларымен, салынған орамдардың фотосуреттері табылған ұялы телефонды тексеру, куратормен хат алмасу және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді.

Жаза тағайындау кезінде сот назарға алды:

  • аса ауыр қылмыс санатына жататын және жоғары қоғамдық қауіпті білдіретін іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін,
  • сотталушының жеке басы, оның мінез-құлқын,
  • жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар (сотталушының кәмелетке толмаған жасын, кінәсін мойындау және жасаған қылмысына өкінуін, оң мінездемелерін), ауырлататын факторлардың болмауын;
  • тағайындалған жазаның сотталғанды түзетуге және жаңа қылмыстардың алдын-алуға әсерін.

ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі 1),3),5) тармақшасының 3-бөлігі мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Айыпталушы айыпты деп танылды және оның кәмелетке толмаған жасын ескере отырып, ол 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енді.