Шымкентте әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға баспана берілді. Алайда үй иелері су жаңа баспананың сапасы сын көтермейтінін айтып, жөндеу жұмыстарын жасамайынша қоныстанбайтынын жеткізді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бір ай бұрын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға баспана кілті үлестірілді. Бірақ тұрғындар жаңа қоныстың қабырғалары көгеріп, есігі құлап, терезелері сынып кеткенін айтты.
“Пәтерде қоныс тойын тойлаудың өзі ұят. Үйдің бірінші қабатынан бастап 9-қабатына дейін қабырғалары қақырап жатыр. Түсқағаз жұлынып, пәтерді ылғал басқан. Терезелері сынып, жылу батареялары қирап жатыр”, – дейді тұрғындар.
Үй иелерінің айтуынша, мектеп жасында оқитын балалар-ақ кіріп-шығып жүріп онсыз да қирап тұрған үйді жоқ қылады. Жаңа қоныстың ештеңеге шыдас бермейтінін айтқан олар жөндеу жұмыстарына шамамен тағы 3-4 миллион теңге ақша керек деп отыр. Олар мердігер компания берілген пәтерді қайта қалпына келтіруді талап етіп отыр.
Мердігер компанияның өкілі бұл олқылықтар баспананың дайын болғанына 2 жыл болса да, ішінде адамдар тұрмағанның салдарынан дейді. Десе де кемшіліктер түзетіледі деп сөз берді.
“Бұл үйдің бітіп қойғанына екі жыл болған. Екі жылда жылу болмаған. Ешкім тұрмаған соң бәрі ісінген. Ол кемшіліктің бәрі мердігер тарапынан істеліп беріледі жақын арада”, – деді мердігер компанияның өкілі Ғани Жұмабаев.
ПІКІР ЖАЗУ