Қазақстандағы жетекші қаржы ұйымдарының бірі Jusan Bank атауын ресми түрде Alatau City Bank деп өзгертіп жатыр. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
Атау өзгерісі биылғы 15 мамырда өткен акционерлердің жалпы жиналысында мақұлданған. Енді банк мемлекеттік қайта тіркеуден өткен сәттен бастап жаңа атаумен жұмыс істей бастайды.
Банк өкілдерінің мәліметінше, ребрендинг тек атауға қатысты болады. Қызмет форматы, клиенттер алдындағы міндеттемелер мен өнімдер өзгеріссіз қалады.
Jusan Bank – актив көлемі бойынша Қазақстандағы алғашқы ондыққа кіретін ірі қаржы институты. Кейінгі уақытта банк атауы ғана емес, меншік құрылымы да қоғам назарында болды.
– Банктің атауының өзгеруі – бұл атау жазылған маңдайшаның өзгеруі ғана емес. Бұл біздің стратегиямыздың, амбициямыздың және қаржы институтын одан әрі дамытуға қатысты көзқарасымыздың көрінісі. Alatau City Bank тұрақтылыққа, сенімге және ұзақмерзімді серіктестікке баса назар аудара отырып, Jusan Bank қалыптастырған берік іргетасқа негізделеді, – деді Банктің Директорлар кеңесінің төрағасы Куат Кожахметов.
Бұған дейін Вячеслав Ким Jusan Bank-ті сатып алуға қызығушылық білдірген. Ал ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтарда банк акцияларының 97,5%-ы кәсіпкер Ғалымжан Есеновке тиесілі.