Ұйқысыздық өмірді қысқартады

Фото: ашық дереккөзден

Бүгінде күйбің тірлікпен жүріп, ұйқы уақытын өткізіп алып, түн уағына дейін ұйықтай алмайтын кездеріміз болады. Соның салдарынан ұйқысыздыққа шалдығып, ақырында дәрігердің көмегіне жүгінеміз.

Ақтөбе облысының орталығындағы жедел жәрдем ауруханасы жүрек қан тамырлары орталығының бөлім меңгерушісі Алтай Шарафудинов бүгінгі күні ұйқысыздыққа егде жастағы адамдар ғана емес, жастардың да көп шалдығатындығын айтады.

Ұйқысыздық неден пайда болады?

Бірнеше күн, тіпті бірнеше апта көз шырымын ала алмай, атқан таңды ояу жатып атырса да адамдар ұйқысыздықты дерт деп қабылдамайды. Сондықтан болар, қоғамда түн ұйқысы бөлінген бұқараның саны артқан. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда егде жастағы адамдардан гөрі, бұл дертке шалдыққандардың арасында жастардың үлесі жоғары болып отыр. Мамандар мұның себебін бүгінгі қоғамдағы жастардың басындағы мәселелерінің көптігінен деп түсіндірсе, кейбіреулер ғаламтор, ұялы телефондарды күні-түні қолданып өз денсаулықтарын ойламай, түн ұйқысын алмастырып алып, ұйқысыздыққа душар болатынын айтады.

Ал жедел жәрдем ауруханасының инсульт орталығының бөлім меңгерушісі Алтай Шарафудиновтың айтуынша, еліміздегі осы дертке шалдыққандардың көпшілігі тығырықтан шығар жолды дәрігердің көмегінсіз-ақ, өз беттерімен шешуге тырысады. Олар тыныштандыратын немесе арнайы ұйқыны қалыпқа келтіретін дәрілерді ішсек, тәтті ұйқыға кетеміз ойлайды. Алайда ұйқысыздықтан арылу үшін адам алдымен бойындағы күйзеліс пен уайым-қайғыдан, не науқасынан толық айығуы керек.

Адам ағзасы үшін түнінің тыныштығы мен ұйқысының қалыптылығы өте маңызды. Бүгінгі таңда туындап отырған жас талғамайтын ұйқысыздық күнделікті күйзелістен болады. Себебі егде жастағы қарт адамдар денсаулығына байланысты, сондай-ақ әр түрлі нәрселерді уайымдап, жүйке жүйесіне ауырлық түсірген жағдайда, осы дертке ұшырайды. Ал жастар тынымсыз жұмыс істеп, жұмысқа берілушіліктен немесе түнімен теледидар, не компьютер алдында отырып ұйқы режимін бұзып алады. Соның салдарынан ұйқысыздыққа ұшырайды. Бұл дерттің пайда болуының тағы бір себебі — ұйықтар алдында тойып тамақ ішу. Кейбір адамдар ұйқыға жатар алдында тойып тамақтанады да, түнімен аунап ұйқтай алмайды. Ол үшін ұйықтардан 2-3 сағат бұрын тамақтанып, онан кейін таза ауада 15-20 минут тыныстап, серуендесе, ұйқы қалыпты болады, — дейді Алтай Қайратұлы.

 

Ұйқысыздықтың да түрлері бар…

Дәрігердің айтуынша, ұйқысыздықтың екі түрі болады. Көп тараған түрі —  қайталама ұйқысыздық. Он адамның  сегізі қайталама ұйқысыздықпен ауырады екен. Мұндай ұйқысыздық  белгілі бір аурудың жанама әсері немесе нәтижесінен болады.

Мысалы, кейбір өкпе немесе жүрек аурулары (әсіресе инсульт), стресс, депрессия, невроз, сондай-ақ дұрыс ұйықтау үдерісін бұзатын кофеин, темекі, ішімдік сияқты заттар ұйқысыздық тудыру мүмкін.

Ал екінші түрі — бастапқы ұйқысыздық. Ол аурудың жанама әсерінен болмайды. Мұндай ұйқысыздық аз дегенде бір ай немесе одан да көп уақытқа дейін созылады.

Бастапқы ұйқысыздық көбіне ұзақ уақыттық стресс пен эмоциональды бұзылудан болады.

Сондай-ақ, саяхатқа шығу немесе жұмыс кестесінің әсерінен ұйықтау тәртібі бұзылады. Оны түзегеннің өзінде ұйқысыздық сақталып қалуы мүмкін. Яғни, ағза ұйқының жеткіліксіздігімен күресуге дағдыланады.

-Ұйқының бұзылуынан күндіз қатты ұйықтағың келеді, күш-қайратың болмайды. Мұндай ұйқының бұзылуы ұзаққа созылатын болса, адам  ашушаңдыққа немесе депрессияға бой алдырады, жаңа нәрсені есте сақтау, назар аудару, оқу қиынға соғады, оқуы немесе жұмысы нашар болады. Ұйқысыздыққа шалдыққан адамның отбасына, достарына көп назары аумайды, әлсіздікке ұшырайды, яғни адамға қажет күш-қайратынан айырылады.

Ұйқысыздық қаншалықты уақытқа дейін созылғанына байланысты  созылмалы және қысқа мерзімді болып келеді. Созылмалы ұйқысыздықта ең аз дегенде үш күн, тіпті бір айға дейін көз іле алмайды.

Қайталама ұйқысыздықтың себебін табатын болса,  ешқандай емсіз-ақ  өтіп кетеді. Ұйықтау уақытын реттеп, өмір сүру әдетін өзгертсе, мұндай бұзылуды қалыпқа келтіруге болады, — дейді Алтай Шарафудинов.

 

Алдын алу және емдеу жолдары

Дәрігердің айтуынша, ұйқысыздықтың алдын алу үшін немесе одан арылу үшін ішімдік сияқты нәрселерден тыйылып, сондай-ақ бір уақытта тұрып, бір уақытта жатуға өз-өзін үйрету керек. Жатын бөлменің температурасынының оңтайлылығын, тыныштығын, жайлылығын қамтамасыз ету қажет. Ұйқысыздықтың белгілері байқалған сәтте ұйықтар алдында 1 қасық балды қайнаған суға салып ішсеңіз, тыныш әрі жайлы ұйықтайсыз.

Біздің инсульт орталығына науқастанып келетіндердің көбі — 50 жастан асқан адамдар. Кейде ауруының әсерінен ұйқысыздыққа шалдығатындар да кездесіп жатады. Шағымдарымен келетіндер де бар. Біз оларға кеңес беріп, емдеу шараларын жүргізу үшін тұрғылықты мекенжайындағы амбулаториялық емханаға жібереміз. Егер депрессияға ұшыраған науқастар келген жағдайда оларды арнайы тексеріп, невропатолог, психолог мамандарға қаратамыз, — дейді Алтай Қайратұлы.

Елімізде ұйқысыздықты дерт деп түсінбейтіндер дәрігерге қаралмай, өз бетімен дәрілік препараттар қолданып жатады. Мамандар мұндай ұйқы келтіретін дәрілерді көп қолдану кейін дәріге деген тәуелділікке апаратынын, сондай-ақ, адам денсаулығына зиянды екенін айтады. Ұйқысыздықтан емдейтін дәрілерді тек дәрігердің рұқсатымен ғана алу керек.

Р.S. Адамдар өмірінің үштен бірін ұйқымен өткізеді. Яғни, 60 жастың  20 жылы, 75 жастың 25 жылы ұйқымен кетеді. Бұл ұйқының адам өмірінде маңызының өте жоғары екендігін көрсетеді. Сондықтан ұйқыңыз бұзылмасын десеңіз, үнемі бір уақытта ұйықтап, бір уақытта ояныңыз. Ал егер ұйқыңыз бұзылса, дереу дәрігерге көрініңіз. Ұйқыңыз тыныш болсын!

 

Д.ҚАЗИХАН,

«ozgeris.info».