Ірі мемлекеттік сатып алулар «Қазақтелеком» АҚ-ның қолына өтеді

Фото: ozgeris.info

Заңның жаңашылдығы — төтенше жағдайлардың салдарымен күресу ғана емес, олардың алдын алу үшін тікелей келісімдер жасасу мүмкіндігі.

Экология министрілігі орман өрттерін ерте анықтау жүйелерін «Қазақтелеком» компаниясына сату туралы қаулы жобасын жариялады. Алайда бұл жобаның қандай шешімнің негізіне сүйеніп қабылданғаны белгісіз. Бұған дейін барлық сатып алулар бәсекелестік негізінде жүргізіліп келген. Ал қазір не өзгерді?

Бізге белгілі ақпаратқа сай, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы орман өрттерін анықтайтын жүйенің бірыңғай операторы болуы мүмкін. Құжат әлі қабылданған жоқ. Оны талқылау 10 ақпанға дейін жалғасады. Goszakupturaly  арнасының мәліметінше, бұл құжаттың қабылданатынына ешқандай күмән жоқ. Мемлекет қомақты қаражатты нақты бір ұйымның қолына оп-оңай беріп отыр.

«Кезекті мемлекеттік монополия ешқандай жақсылық әкелмейді. 2023 жылы дәл осындай сатып алуды «Ертіс Орманы» үшін 2 млрд теңгеге жүзеге асырған», — деп жазылған арна мәліметінде. 

Экология министрілігінің қаулы жобасында жазылған:

«Орман және табиғат қорғау мекемелерінде орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізудің бірыңғай опеарторы ретінде «Қазақтелеком» АҚ белгілеу».

Ерте анықтау жүйесі ормандарда, ұлттық парктер мен қорықтарда орнатылатын бейнемониторинг пен түтін детекторларын қамтиды.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Қазақтелеком» акцияларының 71,31%-ы «Самырұқ-Қазына» қорына тиесілі, ал 8,10%-ы Telecom Systems LTD жеке компаниясының иелігінде.

Қазір «Қазақтелекомды» бұрынғы цифрлік даму министрі Бағдат Мусин басқарады. Компания телекоммуникация қызметтерін ұсынып, заманауи желілерді дамытумен айналысады.

Бұған дейін өртті ерте анықтау жүйесін ензігу және жабық тамыр жүйесі бар орман питомниктерін салу үшін 37 млрд теңге бөлінетіні жайлы айтылған еді. Қаржы утильалымнан түскен кірістерден алынуы жоспарланған. Бұл тапсырманы Олжас Бектенов айтты.

Соңғы жылдары елімізде орман өртіне қатысты алаңдаушылық артып келеді. 2023 жылдың жазында Абай облысында алапат өрт болып, «Семей орманы» табиғи резерватының 14 қызметкері қаза тапты. Өртті бір айдан кейін ғана сөндіру мүмкін болды. Материалдық шығын 160 млрд теңгеден асты.

Сол кезде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Абай облысындағы орман өрті Қазақстандағы өрт сөндіру жүйесінің тиімсіздігін көрсеткенін айтып сынға алған.