Home Credit Bank Еуропалық қайта құру және даму банкінен (ЕҚДБ) 25 миллион доллар көлемінде несие алды. Бұл қаражат Қазақстандағы тұрғындардың үй шаруашылығын жаңғыртуға, энергия тиімділігін арттыруға және экологиялық стандарттарға сәйкес келетін жабдықтар мен технологияларды сатып алуға бағытталады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Банк осы қаржы арқылы өз клиенттеріне жасыл бастамаларды қолдауға мүмкіндік береді. Жаңа серіктестік GEFF Kazakhstan II бағдарламасы аясында жүзеге асып, Home Credit Bank-ті ЕҚДБ-ның жасыл қаржыландыру бағдарламасының жаңа серіктесіне айналдырды. Home Credit Bank басқарма төрағасы Кирил Бачваров бұл серіктестікті банктің жаңа бағыттағы стратегиялық қадамы ретінде бағалады. Оның айтуынша, бұл тек жаңа несие беру бағыты ғана емес, сонымен қатар клиенттерге экологиялық саналы шешімдер қабылдауға қолдау көрсету.«Біз бұл қадамды тек қаржыландыру ғана емес, адамдарды саналы өзгерістерге шақыру мүмкіндігі ретінде қабылдаймыз. Клиенттерімізге үй шаруашылығын жаңғырту, өмір салтын жақсарту және болашаққа жауапкершілікпен қарау мүмкіндігін ұсынамыз. Банк олардың сенімді серіктесі болуға дайын: ашық, қарапайым және сенімді», деді Кирил Бачваров.