Есен Елеукен «Жайдармандағы» кадрлық өзгерістерге қатысты пікір білдірді. Ол Instagram желісіндегі парақшасында жаңа басшы Жанасыл Болатбекті құттықтап, ақ тілегін арнаған, деп жазады ozgeris.info.
Есен Елеукеннің айтуынша, Жанасыл Болатбек «Жайдарманның» жұмысына 2014 жылдан бері атсалысқан. Енді экс-басшы жобаның әрі қарай жандана түсетініне сенімді.
«Қазақша КВН жұмысы басталғалы, міне, биыл 25 жыл болды. Қазіргі жағдайға жеткенше біраз қиындықты жеңіп, талай қызықты бастан өткердік. Айтпағым, ойлана келе 2014 жылдан бері өзі көрінбесе де, «Жайдарманның» ортасында жүрген, ішкі жұмыстарын жақсы білетін Жанасыл Болатбекке ұйымдастыру жұмыстарын толықтай тапсырдым. Бұл өзгеріс «Жайдарманның» бұдан әрі жанданып, елге, жастарға пайдасы арты түсетініне сенімдімін. Осы кезге дейін бейресми түрде осы қызметті атқарып келді, енді ресми түрде өз жұмысын бастамақ. Жанасылға сәттілік тілеймін! Айтпақшы 25 жылдыққа орай «Жайдарман» жанашырларына, ардагерлеріне кішігірім сыйымыз бар», — деді ол.
Желі қолданушылары «Жайдарманның» жаңа басшысын құттықтап, толассыз пікір жазған. Олардың қатарында Есен Елеукеннен бағдарлама тізгінін кім ұстайтынын да сұрағандар табылды.
«Өзім жүргіземін», — деп қысқа қайырды Есен Елеукен.
Айта кетейік, осыған дейін «Жайдарман» басшысы ауысқаны белгілі болған еді.
ПІКІР ЖАЗУ