Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды “ozgeris.info” порталы.
«Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – қаржы министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының қаржы министрі лауазымынан босатылсын», — делінген президент жарлығында.
Айта кетсек, қазір үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрт орынбасары бар. Енді олардың қатарына қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев та қосылды.
Атап айтқанда:
Роман Скляр – премьер-министрдің бірінші орынбасары;
Ералы Тоғжанов – премьер-министрдің орынбасары;
Мұхтар Тілеуберді – премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі;
Бақыт Сұлтанов – премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі.
Ерұлан Жамаубаев 1974 жылы 25 наурызда Алматы облысында туған. 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2009 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін тәмамдады.
Әр жылдары Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарушы директоры, президент әкімшілігі әлеуметтік-экономикалық бақылау бөлімі бастығының орынбасары, кейіннен бөлім бастығы болды.
2018-2019 жылдары президенттің көмекшісі болып жұмыс істеді.
2019 жылғы 22 наурызда қаржы министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды.
2020 жылғы мамырдан қаржы министрі қызметін атқарып келеді.
Үйленген, үш баласы бар.
“ozgeris.info” порталы
ПІКІР ЖАЗУ