Жаңалықтар

Елден 150-200 млрд доллар заңсыз шығарылған

Қазақстаннан 150-200 миллиард доллардың заңсыз шығарылғаны туралы жаңалық қоғамды тағы бір дүр сілкіндірді. Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров айтты, деп жазады Ozgeris.info.

Ол бұл ақпаратты жай айта салған жоқ,  шетелдік дереккөздерге сүйене отырып нақты айтқан. Яғни, ішкі сезік не қауесет емес, халықаралық ұйымдар мойындап отырған факт. Тағы бір сорақысы, елдегі көлеңкелі экономиканың көлемі 42 млрд доллардан асып кеткен. Ал криптовалюта арқылы тағы 15 миллиард доллар сыртқа сызылып кеткен көрінеді. Айналып келгенде, ел байлығы шекара асып, өзге мемлекеттердің банктерінде шіріп жатыр. Ал мұнда мектепке жөндеу жүргізе алмай, дәрі-дәрмекке жетпей отырған ел отыр. Саиров Қаржы мониторинг агенттігіне де өткір шүйлікті.
– Агенттік ауылдағы ұсақ саудагерлерді тексеріп, заң іздегенсіп жүргенше, шын мәнінде миллиардтарды шетелге аударған «ірі балықтарды» сүзгіден өткізуі керек. Әйтпесе, халық бұл органды «айдаушысы жоқ қайыққа» теңеп кетуі мүмкін, – деді ол.
Жауап ретінде агенттік өкілі Жеңіс Елемесов 2024 жылдан бері 100-ден аса қылмыстық іс тергеліп, 420 миллиард теңге бюджетке қайтарылғанын айтты. Иә, бұл – жаман көрсеткіш емес. Бірақ шындықтың бір шеті ғана. Сол істердің ішінде ең үлкен мысал ретінде боди-массаж салонының атын жамылып, заңсыз 1,5 миллиард теңге тапқан әйелді атады. Ал енді салыстырып көрейік: жоғалып кеткен 150-200 миллиард доллардың қасында бұл мысал бір тамшы ғана емес, бу болып ұшып кететін титтей ғана тамшы. Депутаттар мәселені түбегейлі шешу үшін ұрланған қаржыны елге қайтарып, халықтың игілігіне жарату керек деген ұстанымда. Бұл жерде сұрақ көп, жауап аз. Сол миллиардтарды кім шығарды? Қай банктер арқылы? Қай елдердің шоттарына түсті? Неге осы күнге дейін бірде-бір атышулы іс бойынша айыпталған шенеунік түрмеде отырмайды?  
Барлық жаңалық