Жаңалықтар

Экономикалық өсім бар, бірақ тұрақтылыққа кепіл жоқ

2025 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстан экономикасы 6%-ға өсті. Бұл – кейінгі жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Қуантатын дерек. Мұны Ұлттық статистика бюросы сүйіншілей айтты.  Сүйіншісін бергендей біз де  жаздық.  Еске сала кетейік, өткен жылы осы кезеңде өсім көрсеткіші 3,4 % болған. Биыл екі есеге өсті. Не керек жақсы жаңалыққа жамырай қуандық. Десе де ендігі сұрақ екіұдай.  Бұл серпінді қалай сақтау керек,әрі алдағы уақытта қандай қауіптер тууы мүмкін? Өрге басқан өсім туралы сарапшылардың да өз айтары бар екен, деп сараптайды Ozgeris.info.

Үдеріс те, үміт те көп

ІЖӨ-ні арттыру жеткіліксіз, ең қиыны сол деңгейді сақтап қалу. Сарапшылар мұны экономиканы әртараптандыру арқылы жүзеге асыру керек дейді. Бір ғана салаға арқа сүйеу тұрақты даму үшін жеткіліксіз. Ұлттық экономика министрлігінің бірінші вице-министрі Азамат Әмрин де осы пікірді қолдайды. Құрылым біртіндеп өзгеріп келеді, өңдеу өнеркәсібіне басымдық беріліп жатыр деп отыр. Сөйтіп жатырмыз дейді.
– Шын мәнінде, әртараптандыру – еліміздің экономикалық саясатының негізгі бағыттарының бірі. Бүгінде біз экономика құрылымының біртіндеп өзгеріп жатқанын, өңдеу секторына басымдық беріліп жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, 2010 жылы ІЖӨ-дегі өңдеу үлесі 11,3%-ды құраса, 2024 жылы ол 11,9%-ға жетті. Басқаша айтқанда, біз аз өндіреміз, бірақ көп өңдейміз. Бұл – экономиканы әртараптандыру аясында көрсетілген мақсатты мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Қызмет көрсету секторы бойынша да ІЖӨ-дегі үлесі жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2010 жылы бұл көрсеткіш 51,7% болса, 2024 жылы – 58,4% болды, – дейді ол.
Дамыған елдерде халықтың көп бөлігі қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Еуропалық одақ елдерінде бұл сектор ішкі жалпы өнімнің 65 %-ынан асады. Ұлыбритания мен Сингапурда – 72,5 %, Швейцарияда – 71 %. Өңдеу өнеркәсібінің маңызы артып келеді. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, отандық өнімнің бәсекеге қабілетті болуына, экспорт мүмкіндігінің кеңеюіне әсер етеді. Бірақ біз бұл бағытта нақты жолға әлі толық түсе алмай келеміз. Жылдың екінші жартысында экономикалық өсімге қауіп төндіруі мүмкін факторлар бар. Әсіресе сыртқы жағдай тұрақсыз. Сәуір айынан бастап сыртқы нарықтарда ахуал күрт нашарлады. АҚШ жаңа тарифтер енгізді. OPEC+ ұйымы мұнай өндіру көлемін тәулігіне 411 мың баррельге арттыратынын мәлімдеді. Нәтижесінде мұнай бағасы төмендеді. Сауда шектеулері, логистикалық жолдардың үзілуі, әлемдік қаржы нарығындағы тұрақсыздық жаһандық экономикаға қысым түсіріп отыр. Бұл жағдай бізге де әсер етпей қоймайды. Дегенмен вице-министр дүрбелеңге негіз жоқ екенін айтады.
– Жалпы, 2025 жылғы экономикалық саясат макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, инвестициялар тарту, нақты секторды дамыту арқылы теңгерімді экономикалық өсімді көбейтуге бағытталған. Сондай-ақ отандық кәсіпорындарды жаһандық қосылған құн тізбектеріне қосу – маңызды міндетіміз. Сондықтан Үкіметтің күш-жігері құрылымдық реформалар жүргізуге, экспорт географиясын кеңейтуге, инвестициялар тартуға, экономиканы либерализациялауға жұмсалып жатыр. Экспортқа бағытталған және импортты алмастыратын терең қайта өңдеу кластерлерін дамыту мақсатында қазір 17 ірі жоба айқындалды. Оларға металдарды терең өңдеу, мұнай-газ, көмірхимия, ауыр машина жасау, уран өнеркәсібі, автокомпоненттер мен тыңайтқыштар өндірісі, туризм саласы және басқалары кіреді. Сонымен қатар тәуекелдерді азайту мен азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін кәсіпкерлікті дамыту әрі қарай жалғасады. Мемлекеттік қолдау шаралары мен жаңа реттеуші саясаттың арқасында 2030 жылға дейін ШОБ-тың ІЖӨ-дегі үлесін 40%-ға жеткізу көзделіп отыр. Сандық инфрақұрылым да қарқынды дамып жатыр. Алдағы бес жылда IT-қызметтердің экспорты кем дегенде 1,5 миллиард долларға жетеді деп жоспарланып отыр. Экономикалық өсімнің маңызды драйверлерінің бірі – тікелей шетелдік инвестициялар жыл сайын кем дегенде 24-25 миллиард доллар тартпақ, – деп түсіндірді А. Әмрин.

Күдік те жоқ емес

Байқағанымыздай, жылдың алғашқы 4 айында экономика қарқынды өсіп келеді. Бір қарағанда, жақсы-ақ. Өнеркәсіп, сауда, көлік, құрылыс сияқты негізгі салалар жоғары өсім көрсетіп отыр. Әсіресе көлік саласындағы 22 %-дан асатын өсім ел ішіндегі логистика мен сауда айналымының күшейгенін аңғартады. Өңдеуші өнеркәсіп пен машина жасау секторларындағы серпін де құрылымдық дамуға оң әсер етуде. Алайда өсімнің тұрақты болуы сыртқы факторларға тәуелді. «Экономикалық зерттеулер институты» Макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығының аға сарапшысы Рамазан Есеңғазиевтің сөзінше, өсімнің сыртқы факторларға тым тәуелді екенін ескеру керек.
– Әлемдік мұнай бағасының құлдырауы, геосаяси тұрақсыздық, жаһандық экономикалық баяулау еліміздің экспорттық табыстарына кері әсер етуі мүмкін. Мұның бәрі әсіресе, мұнай мен металға тәуелді экономика үшін маңызды тәуекел. Тағы бір алаңдатарлық жайт – жеке инвестициялар көлемінің төмендеуі. Қазіргі өсім негізінен мемлекеттік шығындар арқылы сақталып отыр. Егер жеке сектор белсенділігі арта алмаса, мемлекеттік ресурстардың шектеулігі ұзақ мерзімде экономикалық өсімді тежейді. Сондықтан инвестициялық климатты жақсарту, кәсіпкерлікке жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Ауыл шаруашылығындағы өсім баяулағанымен, оның әлеуеті жоғары. Алайда бұл саланың техникалық жабдықталуы, су ресурстары мәселесі және инвестиция тапшылығы шешімін таппайынша, ауыл шаруашылығы экономиканың драйверіне айнала алмайды, – дейді сарапшы.
Үкімет жыл соңына дейін ішкі жалпы өнім өсімін 5,6 % деңгейінде ұстауды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа жету бірқатар саланың нәтижесіне байланысты. Соның ішінде өңдеуші өнеркәсіп, мұнай өндіру, көлік және инфрақұрылым жобалары, сондай-ақ агроөнеркәсіп пен цифрлық сектордың дамуы шешуші рөл атқарады. Бірақ тәуекелдер де бар. Halyk Finance сарапшысы Салтанат Игенбекованың пікірінше, жыл соңында 5,6 % өсімге жету мүмкін болғанымен, кепіл жоқ. Сарапшы бұл болжамын бірнеше негізгі фактормен байланыстырады.
– Қарқынды өсімге қарамастан, жыл соңында жоспарланған 5,6% деңгейіндегі ІЖӨ өсіміне жетуіміз мүмкін. Бірақ дөп басып айта алмаймыз. Бұл көрсеткішке жету еліміздің ішкі экономикалық белсенділігімен қатар, сыртқы ортадағы жағдайларға да тікелей байланысты екені белгілі. Біздің болжамымыз бойынша, 2025 жылдың қорытындысында ІЖӨ өсімі 5,3% деңгейінде қалыптасады, – дейді ол.
Біріншіден, Brent маркалы мұнай бағасының құбылмалы сипаты – басты қауіптердің бірі. Егер мұнай бағасы 70 доллар деңгейінен төмен түссе, бұл экспорттық табысты азайтып, бюджет кірістері мен инвестициялық белсенділікке қысым түсіреді. Қазақстанның мұнайға тәуелділігі әлі де жоғары екенін ескерсек, бұл маңызды тәуекел. Екіншіден, Ұлттық Банктің қатаң ақша-несие саясаты ішкі сұранысты шектеуі мүмкін. Жоғары пайыздық мөлшерлеме несиеге қолжетімділікті азайтып, кәсіпкерлік белсенділік пен тұтыну деңгейін төмендетеді. Бұл ішкі нарықтағы айналым мен өндіріс секторларындағы өсімді баяулатуы ықтимал. Үшіншіден, жаңа инвестициялар көлемінің жеткіліксіздігі де қауіп төндіреді. Инвесторлар үшін құқықтық ортаның тұрақтылығы, инфрақұрылым сапасы және институционалдық сенім – шешуші факторлар. Бұл бағытта алға ілгерілеу болмаса, инвестициялық ағын баяулап, жалпы экономикалық өсімге кедергі келтіреді.

Не істеу керек?

Бәрі шын мәнінде оң бағытта өрбуі үшін нақты әрі жүйелі стратегиялық жоспар керек. Әсіресе, бұл дағдарыс пен тұрақсыздық қатар өрбіген қазіргі жағдайда аса маңызды. Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, бірінші кезекте назар аударылатын сала – энергетика. Мұнай, газ, көмір, электр қуаты – бұлардың бәрі ел экономикасының тірегі. Бірақ бұл салалардағы қазіргі модель ұзақмерзімді тұрақтылыққа сәйкес келмейді.
– Мұнай-газ, көмір және электр энергиясын өндіру – еліміздің барлық экономикалық салаларына тікелей әсер ететін негізгі тіректер. Бүгінде Қазақстандағы электр энергиясының шамамен 70 пайызы көмірден өндіріледі. Алайда, бұл модель ұзақ мерзімді тұрақты дамуға сәйкес келмейді. Сондықтан біз баламалы энергетикаға көшу немесе газ негізіндегі генерацияға бейімделу туралы нақты шешім қабылдауымыз қажет. Қазір бұл бағытта ілгерілеу баяу жүруде. Мысалы, 2017 жылғы ЭКСПО кезінде баламалы энергия үлесін 20-30%-ға жеткізу жоспары айтылғанымен, б.гін көрсеткіш небары 4-5% деңгейінде қалып отыр. Сол сияқты металлургия саласында да айтарлықтай қиындықтар бар. Қазақстан пайдалы қазбаларға бай болғанымен, өңдеу тереңдігі жеткіліксіз. Біз көбіне жартылай шикізатты шет елге жөнелтеміз, мысалы, мыс немесе темір кендерін аздап байытып, Қытайға немесе Ресейге экспорттаймыз. Бұл бізге қосымша құн қалыптастыру мүмкіндігінен айырады. Ұзақ жылдар бойы металлургия зауыттарын салу жоспарда болғанымен, нақты нәтижелер әлі мардымсыз, – дейді ол.
Тағы бір елеулі бағыт – ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі. Қазақстан аграрлық әлеуеті зор ел. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің үштен екі бөлігін шет елге шығара алады. Бірақ, өкінішке қарай, біз көбіне шикізат күйіндегі тауарды жөнелтеміз. Бұл бізге пайда емес, мүмкіндіктің шектелуін алып келеді. Терең өңдеу жоқтың қасы, соның салдарынан қосымша құн да шетелге кетіп жатыр.
– Біз етті, бидайды, ұнды шетелге жібереміз, алайда терең өңделген, ұзақ сақталатын өнімдер мен тағамдық қоспаларды өзіміз өндірмейміз. Бұл бағыттағы әлеуетіміз зор, бірақ өңдеу инфрақұрылымы мен технологиясы жетіспейді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір шешімдері керісінше фермерлердің жұмысына кедергі келтіріп жатыр. Мысалы, тері мен жүн экспортына шектеу қою — өндіріс қалдықтарын ысырап етуге алып келеді. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерімен тек Орталық Азияны ғана емес, Таяу Шығыс пен Кавказ аймағын да қамтамасыз ете алатын әлеуетке иеміз. Соңғы және маңызды сала – логистика. Қазақстанның географиялық орналасуы – үлкен мүмкіндік. Ресей мен Иран арқылы өтетін дәстүрлі жолдар жабылғандықтан, Қытай мен Еуропа арасындағы жүктердің ағыны Қазақстан арқылы өтіп жатыр. Бұл – біздің артықшылығымыз. Темір жол мен автожолдарды дамыту – экономикалық өсімнің бір көзі. Алайда, бұл саладағы жетістік көбіне сыртқы геосаяси факторлардың әсерімен қалыптасып отыр, – деп түйіндеді сарапшы.
Барлық жаңалық