Кеше Алматы әкімі Ерболат Досаев кептелістермен күресудің жаңа тәсілдерімен бөлісті. Яғни, еліміздегі ең үлкен қалада автотұрақ бағасы қымбаттап, қалаға кіру ақылы болмақ.
Өңір басшысының «заманауи» шешімдеріне журналист Михаил Козачков пікір білдіріп, бұл идеялар ешқандай нәтиже бермейді дейді. Ол өзінің позициясын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Алматыда өркениетті ақылы автотұрақтар 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл өте дұрыс шешім болғанымен, кептелістердің сұрағын еш шешпеді. Бұрын қала тұрғындары осындай «күмәнді» үйымдардың көмекшілеріне төлеп келсе, кейін олигарх Қайрат Боранбаевтың қалтасын қампайтып келді. Ал Қаңтар оқиғасынан кейін халықтың ақшасы қала бюджетіне түсіп отыр.
Нәтижесінде, бұл тек қалада автокөлікпен жүру үшін төленетін қосымша салықтың түрі.
Козачков қаладағы кептеліс сұрағын шешу үшін ақылы тұрақтардың бағасын шарықтату керек еді деп есептейді. Ол мысалы ретінде Амстердамдағы жүйені келтірді. Ол жақта бір сағаттық тұрақ құны 7,5 еуро. Тіпті халықтың жалақысы жоғары болса да, аталмыш төлем өте қымбат.
Ал Алматыда мұндай баға мүмкін емес, сондықтан нәтиже де болмайды.
Журналист Ерболат Досаевтың қалаға ақылы кіру идеясын тіпті ақылға қонымсыз деп бағалады.
«Досаев бізге әлемдегі мегаполистердің тәжірибесін мысалыға келтірді. Стокгольм, Лондон, Нью-Йорк туралы айтады. Биыл қаңтардан бастап Манхэттенге кіру үшін көлік жүргізушілері 9 доллар төлеуі тиіс. Алайда, Google карталарына қарасақ, бұл әдіс Нью-Йоркте оң нәтиже бермеді. Көліктер кептелісте қалай тұрды, солай әлі туннельдерден шыға алмай келеді,дәл таңертеңгі Аль-Фараби даңғылындағы жағдайға ұқсас. Яғни, Нью-Йорк әкімдігі оңбай қателесті», — деді ол.
Алайда аталмыш қалалардың тұрғындарының басқа да мүмкіндіктері бар. Автотұрақ қымбат болғанымен, қоғамдық көлік жақсы дамыған.
«Мен бірде Нидерландқа футбол көруге барғанымда, туристік аймақтағы трамвайдың өте ыңғайлы екенін байқадым. Тіпті оның билетімен метроға да мінуге болатын еді», — деді Козачков.
Ал бізде қоғамдық көлікті дамыту тек жаңа автобустар сатып алумен шектеледі. Жыл сайын жаңа техника әкелінеді. Бірақ бұл таза кәсіп көзі. Бұл бизнестен дәмеленбеген кім жоқ? Тіпті олигарх Идрисовтің де есімі аталған еді.
Бәрі біз үйреніп қалған әдіспен жасалады. Қытайдан Хоргос арқылы белгілі бір бағамен кірген автобус салық төлеушілерге бірнеше есе қымбатқа сатылды. Бірақ аялдамалардағы халық саны азаймады.
Енді дизельді автобустарды электрокөліктерге ауыстыру қарастырылып жатыр. Бұл дегеніміз салық төлеушілердің ақшасы олардың өндірушілері мен сатушыларына – Мұрат Әділханов немесе Нұрлан Смағұловқа кетеді деген сөз.
«Қаншама инновациялық жаңа ұсыныстар айтылғанымен соңғы 10 жылда Алматыда қоғамдық көлік мәселесі сол күйі шешілмеді. Байбек кезінде трамвайлардың көзін құртты. Тимирязев көшесінің тұрғындарын «тозаққа» жіберді. Енді олар өз аулаларына кіре алмай әлек, ал жолдың қалған бөлігі автобустардан бас ашпайды», — деді ол.
Жарнамасы жер жарған BRT жобасы өте сәтсіз шешім болды. Автобустар бұрынғыдай кептелістен шыға алмай жүр. Ал метро туралы тіпті айтудың қажеті жоқ.
«Қазіргі мердігер «Базис» Қалқаман станциясына дейін жер астын қазып жатыр, бірақ ол алатын ақшасына көңілі толмайды. Осындай қарқынмен жобаны олигарх Беловичтің немерелері немесе тіпті шөберелері аяқтайтын шығар», — деп сынады журналист.
Алматының кептелісін тек бір жолмен шешуге болады дейді журналист. Ол – қоғамдық көлікті дамыту.
«Өңірге көбірек арнайы жолақтар керек, метро станцияларын ұзарту керек. Сондай-ақ такси жүргізушілеріне автобус жолағымен жүруге рұқсат беру керек. Ол қашан іске асады? Астанада бұл тәжірибе қолданыста. Әлемнің көптеген елдерінде де рұқсат етілген. Тек Алматыда жоқ. Рұқсат етілсе, қала тұрғындары жеке көліктерінен бас тартып, таксимен жүруге ауысады. Себебі кептелісте тұрмайды», — деді ол.
Сөзінің соңында журналист Ерболат Досаевтың «заманауи» идеяларын ақша жасаудың бір түрі деп бағалады.
«Қалаға ақша төлеп кіру және қымбат автотұрақтар сияқты жаңашылдықтар алматылық жүргізушілердің қалтасынан көбірек ақша сыпырудың кезекті тәсілі сияқты. Мен бірнеше «өте бай» адамдардың есімдерін атап өттім. Менің ойымша, әкім ұсынған жаңа шаралар тек «Forbes» тізіміндегі әлдебіреулерді одан әрі байыта түседі», — деп қорытындылады ойын журналист.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру