ҰБТ-да ерекше қажеттіліктері бар түлектерге қосымша 40 минут беріледі

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің ҰБТ-ны ыңғайлы тапсыруы үшін жағдай жасауда. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Абдрасилов айтып берді. 

«Өткен жылдардағыдай, 2024 жылғы ҰБТ-да ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады. Көру қабілеті бұзылған балалардың ыңғайы үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар әзірленді», — деді Болатбек Абдрасилов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Қабылданған шаралардың арқасында тестілеуге қатысатын мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артып келеді.

«Егер 2021 жылы ҰБТ-ға 90 бала қатысса, 2022 және 2023 жылдары олардың саны 500 адамға жетті», — деді спикер.

Айта кетейік, Қазақстанның 14 өңірінде негізгі ҰБТ басталды. Ал су тасқыны болған 6 облыста ҰБТ 25 мамыр-12 шілде күндері өтеді.

Соңғы жылдары талапкерлер биология-химия комбинациясын жиі таңдай бастаған.