Еліміздің бас қаласында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толуына байланысты бабамыздың бес томдық таңдамалы шығармалар жиынтығының тұсаукесерін тамашаладық. Осы ғылыми конференцияға алыс-жақыннан келген адамдардың бәрі демесек те, көбі – тіл және әдебиет өнерінің маңдайалды, майталман мамандары. Жиналғандардың арасында көптеген жастар мен ақ сақалды аталарымыз да болды. Бұл дегенің – Мәшһүр Жүсіп бабамызды білмейтін адам жоқ шығар.
Аталмыш тұсаукесердің нақақтан-нақақ саяси қудалау мен жасанды ашаршылықтан қаза болғандарды еске алу және оқушылардың соңғы қоңырау Күнімен қатарлас өтуін – өте орынды, саяси мән-маңызын айтып тауыса алмайтын әрі жарқын болашағымызға жылдамырақ қол жеткізетін әдіс-амалдарды бастаудың сара да даңғыл жолы – еліміздің әлемдік өркениеттің төріне көтерілуінің ұрпақтар эстафетасы деуге болады.
Конференция жақсы өтті. Қоғам және мемлекет қайраткерлері мен ғалым азаматтармыз бірінен соң бірі жүрек жарды қуаныштарын жиналған көп қауымға айтып жатты. Сөйлеу кезегі Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына берілді. Бас Мүфти Мәшһүр Жүсіп бабамыз туралы әдейі арнап, көңілге қонымды әрі жүрекке жағымды тамаша сөзін айтты.
Реті келгенде айтылмаған сөзді жетім дейміз. Конференция түгіл қай жерде болса да, жиналған көпті бөліп-жарып даралауды дұрыс деп айта алмаймын. Сондықтан Бас Мүфти сөз алғандардың алды болады деп ойлап едік, бірақ ойлағанымыздай болмады. «Әй, бір кем дүние-ай» – деп, қынжылдық та, қойдық.
Әулие бабамыз Машһүр Жүсіптің көріпкелдігіне тарихтың өзі куә. Машһүр Жүсіп бабамыз 1917 жылғы революцияны және Ақ патша режимінің күйреуін қуана құптағанын білеміз.
Көріпкел бабамыздың бұдан бір ғасыр бұрын қалың ел-жұртым, қазағыма қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман болады деген болжауы – бәрімізді алға жетелеуде. Себебі, бәріміз де сол жарқын болашақта өмір сүргіміз келеді, бірақ та оны біреу көрер, біреу көрмес. Сондықтан, құр қол қусырып, жәйбарақат отыратын уақыт жоқ. – Ия, сонда не істеуіміз керек? – дейміз ғой… Осы сұрақтың жауабын бабамыз Мәшһүр Жүсіптің өзі айтып тұр ғой.
Арнайы сәлем берейін деп барғанда ағасының тосыннан-тосын қойған сауалына:
- Абайдың құдайы қайда екенін білмедім. Менің құдайым – менің жүрегімде. Тозақ пен жұмақ әркімнің өз үйінде: әйелің ақымақ болса – тозақ; ақылды болса – жұмақ! – депті, Жүсіп Көпейұлы мүдірместен.
Сондықтан, әркім өзінің шама-шарқынша Алланың разылығы үшін Мәшһүр Жүсіп бабамыздың болжаған жарқын болашағын барынша жақындату мақсатында өз ұрпақтарының тәлім-тәрбиесін олардың өздеріне өмірлік жар таңдауынан бастап, жасы жеткенде халқына адал қызмет етіп, жасампаздық кәсіп қылу мен жұмыс істеуді міндеттеуі – біздің бүгінгі ең басты бағыт-бағдарымыз деп білеміз, иншаАлла.
Оспанов Хамза, экономист, зейнеткер, «SHABYT» ҚБ
ПІКІР ЖАЗУ