Жылыту маусымының басталуына 1 айдай уақыт қалды, алайда 6 облыста дайындық төмен. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында дайындығы төмен өңірлер әкімдерін сынады, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
«Жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру қалыпты әдетке айналды. Яғни, дұрыс жоспарлау жоқ. Бекітілген жөндеу жұмыстарының кестесін ауыстыра салу, құжат дайындау және отын қорын жинау мерзімдерін сақтамау фактілері жылдан жылға қайталанып келеді. Әркім өз ісіне жауапты қарайтын болса, мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмас еді», — деді премьер-министр.
Бүгінде Энергетика министрлігі кәсіпорындарға жылыту кезеңіне әзірлік паспорттарын бере бастады. ЖЭО әзірлік паспортын беруден бас тартылған жағдайда сол өңірлерде әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларының тікелей жауапкершілігі қаралады, деп ескертті Үкімет басшысы.
«Облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды. Тіпті, жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда, 3 ай өтті, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы. Сол өңірлер әлі артта, сол баяғы кешіктіру, кейінге шегеру», — деді Үкімет басшысы.
Үкімет басшысы атап өткен дайындығы төмен өңірлер:
- Қарағанды облысында «Qarmet» компаниясының 2-ші жылу орталығындағы 2-ші қазандықты жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталған жоқ. 1-ші қазандықты күрделі жөндеу сол күйі басталмаған. №7-ші қазандықты жөндеу жұмыстары да бекітілген кестеден кешігіп жатыр.
- Шахтинск тұрғындары да дайындық уақтылы аяқталмай қала ма деп алаңдап отыр. Қалада тендер бойынша және сол күйі басталмай тұрған жұмыстар бар.
- Маңғыстау облысында МАЭК-тің 1-ші жылу электр орталығындағы №4-ші турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Сондай-ақ Комбинаттың 2-ші Жылу орталығында құжаттар уақтылы дайын болмағандықтан, мердігерді анықтау мүмкін болмай отыр.
- Жылу желілерін жаңғырту жұмыстары да баяу. Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында екі жоба, Абай облысында 1 жоба бойынша бұзып-бөлшектеу жұмыстары ғана жүргізілуде.
- Батыс Қазақстан облысында бір жоба бойынша мердігер ұйым әлі анықталмаған.
Үкімет тарапынан бұған дейін МАЭК-ті дамытуға қомақты қаржы бөлінді.
«Энергетика министрлігі станцияларға арналған мазутты тым кеш, яғни 15-ші тамызда үлестіріп берді. Логистиканы, қауырт жұмыс барысында туындайтын цистерна мен вагон тапшылығын және басқа да мәселелерді ескеретін болсақ, мазут пен көмір қоры уақтылы дайындалады дегенге сену қиын. Өнеркәсіп және көлік министрліктеріне көмір мен мазут жеткізу бойынша Қазақстан темір жолының және өңірлердің міндеттемелерін орындау мәселелерін қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын», — деді Бектенов.
ПІКІР ЖАЗУ