Жаңалықтар

Баспана кезегі енді бір ғана портал арқылы жүргізіледі

2025 жылдың 24 мамырынан бастап баспанаға мұқтаж азаматтар үй кезегіне «Отбасы банкінің» жаңа ақпараттық жүйесі арқылы тұра алады. Жүйенің атауы – Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы. Ол orken.otbasybank.kz порталында орналасқан, деп жазады Ozgeris.info.

Бұрын үйге кезекке тұру үшін түрлі мекемеге барып, анықтама жинау керек болатын. Енді бәрі оңай. Бар болғаны сайтқа кіріп, ЭЦҚ-мен тіркелу жеткілікті. Платформа 24 мамыр күні таңғы сағат 9:00-де іске қосылады. Ал оған дейін портал ашық күйде жұмыс істейді, қолданушылар танысып, мәліметтерді оқи алады. Өтінім берген кезде жүйе сіздің жасыңызды, соңғы 5 жылда тұрғын үй иесі болмағаныңызды автоматты түрде тексереді. Егер барлық талаптарға сай келсеңіз, бір күн ішінде кезекке түсесіз. Қосымша құжаттар қажет болса, мысалы, үйіңіздің апатты жағдайда екенін дәлелдейтін анықтама  онда өтінім 3 жұмыс күнінде қаралады. Демалыста берген өтінімдер келесі жұмыс күні өңделеді. Тағы бір ерекшелігі, жүйе тек пәтердің бар-жоғын ғана емес, сіздің отбасыңыздың әлеуметтік мәртебесін, табыс деңгейін, қандай төлемдер алатыныңызды толық қарап шығады. Мұның бәрі  мемлекет тарапынан қандай көмек ұсынуға болатынын анықтау үшін қажет. «Отбасы банкі» бұл жүйені 14 түрлі мемлекеттік дерекқормен біріктіріп, ақпараттарды автоматты түрде тексеруге мүмкіндік беріп отыр. Өтінім берілген соң сізге және отбасы мүшелеріне 1414 нөмірінен SMS келеді. Онда дербес деректерді өңдеуге келісу сұралады. Бұл хабарламаға міндетті түрде жауап беру керек. Жауап бермесеңіз,  өтінім қаралмайды. Ең басты жаңалық,  бұдан былай үйге кезекке тек әлеуметтік осал топтар ғана емес, соңғы 5 жылда баспанасы болмаған кез келген азамат тұра алады. Яғни, үйім жоқ, бірақ жұмыс істеп, табыс тауып жүрсем де, енді кезекке тұруға құқығым бар.  
Барлық жаңалық